
Бразилиа, 2021 жылғы 30 қыркүйек - Қазақстан Елшісі Болат Нүсіпов «Қазгеология» Ұлттық геологиялық барлау компаниясының Басқарма төрағасы Анвар Боранбаев пен «Codelco» Чили ірі компаниясының Вице-президенті Патрисио Вергараның қатысуымен бейнеконференция өткізді.
Сұхбат барысында Чили компаниясының басшылығы Қазақстандағы тау-кен өндіру саласындағы мүмкіндіктермен таныстырылды. Сондай-ақ, Қазгеология басшылығы Қазақстан аумағында өзара қызығушылық тудыруы мүмкін геологиялық барлау бойынша әлеуетті жобалардың тізімін қарауға ұсынды.
Қазақстандық тарап ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнату мақсатында тараптардың әлемдік деңгейдегі темір, мыс және никель кен орындарын ашу жөніндегі жобаларды бірлесіп іске асыру ниеті көзделген екі компания арасындағы ынтымақтастық туралы кеңейтілген Келісімге қол қоюды ұсынды.
Өз кезегінде, Codelco Вице-президенті Патрисио Вергара ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнату перспективаларын жоғары бағалай отырып, Қазгеологиябасшылығын ынтымақтастықтың перспективаларын, оның ішінде техникалық және ұсынылған жобаларды егжей-тегжейлі талқылау, сондай-ақ компанияның өндірістік объектілерін көру үшін Чилиге жұмыс сапарымен келуге шақырды.
Анықтама үшін: Codelco - 1966 жылы құрылған Чилидің жетекші мыс корпорациясы. 2020 жылдың қорытындысы бойынша компанияның мыс өндірісі 1,7 млн.тоннаны құрады, бұл Codelco-ға әлемде бірінші орынды сақтап қалуға мүмкіндік берді. Корпорацияның жыл сайынғы пайдасы 14 млрд. долларға жетеді. Чили экспортының 14%-ы Codelco-ға тиесілі.