Братислава, 2025 жылғы 26 ақпан – Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы аясында жұмыс істейтін орман шаруашылығы жөніндегі жұмыс тобының отырысында Қазақстан мен Словакия сарапшылары орман саясаты, орман қорғау және аң өсіру мәселелерін талқылады.
Қазақстанның Словакиядағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған бейнеконференцияға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің және «Словак Республикасының ормандары» мемлекеттік кәсіпорнының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Словакияның орман шаруашылығын дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын қарастырып, орман өсіру, қалпына келтіру, ағаш өңдеу және орман зиянкестерімен күрес салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын айқындады.
Словакия тарапы орман шаруашылығы мен орманды қорғау саласындағы тәжірибесімен, озық технологияларымен бөлісуге, сондай-ақ қазақстандық орманшылардың оқуына жәрдемдесуге дайын екенін білдірді. Өз кезегінде, Орман шаруашылығы комитетінің өкілі «Словак Республикасының ормандары» қызметкерлерін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Анықтама: Қазақстан мен Словакия орман шаруашылығы өкілдерінің соңғы кездесуі 2024 жылдың қазан айында Астанада өткен ҮАК 10-шы отырысы аясында өтті.