
Братислава, 2025 ж. 4 ақпан – Словак тарапының бастамасымен Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словакияның Гидрометеорологиялық институтының, су электр станцияларының мемлекеттік операторы болып табылатын «Vodohospodárska výstavba» ұлттық компаниясының және MicroStep-MIS компаниясының өкілдерімен кездесті.
Аталған ұйымдардан құрылған консорциум соңғы 15 жыл ішінде Қазақстанда 25-тен астам жобаны сәтті жүзеге асырып, 250 автоматты метеостанцияны іске қосты.
Кездесу барысында тараптар су ресурстарын басқару саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық су ресурстарын бақылау жүйесін құру, болжамдау жүйесінде жасанды интеллект технологияларын пайдалану, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстар мен су қоймаларының қауіпсіздігін арттыру мәселелері қарастырылды.
Концерн өкілдері Қазақстанға іссапармен барып, мемлекеттік органдармен және құзырлы ұйымдармен ықтимал ынтымақтастық мәселелері бойынша келіссөздер жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.