Тарихи мұраны іздеу және сақтау жолындағы Қазақстан мен Словакияның ынтымақтастығы

Тарихи мұраны іздеу және сақтау жолындағы Қазақстан мен Словакияның ынтымақтастығы

Братислава, 2025 ж. 29 қаңтар – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова «Ұлы Отан соғысы тарихының клубы» қоғамдық бірлестігінің директоры Любомир Баникпен кездесу өткізді.

Сұхбаттасу барысында соғыс жылдарында фашизмге қарсы ерлікпен шайқасқан және Чехословакияны азат етуге қатысқан қазақстандықтардың ерлігін тарихи жадында сақтаудағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Елші клубтың көп жылғы белсенді жұмысына ризашылығын білдіріп, қаза тапқан жауынгерлерді мәңгі есте қалдыру мақсатында мұрағаттық зерттеулер мен іздестіру жұмыстарын жалғастыру маңыздылығына ерекше назар аударды.

Өз кезегінде Л.Баник «Атамның аманаты» ҚҚ-мен қол қойылған ынтымақтастық туралы Меморандум аясында словак қауымдастығы жүргізіп жатқан ағымдағы жұмыстарға тоқталып, қазақстандық әскери қызметкерлерді жерлеуге қатысты деректерді нақтылау бойынша алдағы жоспарларымен бөлісті.

Қазақстанның Словакиядағы Елшілігі зерттеушілерді, волонтерлерді, студенттерді және іздестіру және мұрағат жұмыстарына үлес қосуға дайын барша адамдарды Ұлы Отан соғысы кезінде Словакия аумағында қаза тапқан және тағдыры әлі белгісіз қазақстандық жауынгерлерді іздестіру ісіне қосылуға шақырады. Бірлескен күш-жігеріміз жоғалған есімдерді қайтаруға, ұмытылған бейіттерді табуға және қаза тапқан жауынгерлерді мәңгі есте қалдыруға көмектесетіндігіне сенеміз.

Барлық сұрақтар бойынша Елшіліктің Bratislava@mfa.kz электрондық поштасы арқылы хабарласуға болады.