Қазақстан мен Словакия арасындағы экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға өзара ниет

Қазақстан мен Словакия арасындағы экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты нығайтуға өзара ниет
БРАТИСЛАВА, 2020 ж. 19 тамыз – Қазақстан мен Словакия арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, энергетикалық және экологиялық салалардағы ынтымақтастыққа өзара қызығушылық бүгін Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенко мен Словак Республикасы Экономика министрлігінің жаңадан тағайындалған Мемлекеттік хатшысы - Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссиясының словак бөлігінің тең төрағасы Карол Галектің келіссөздерінің басты тақырыбына айналды.
Үстіміздегі жылдың басынан бері байқалатын тауар айналымының өсу қарқынын атап өтіп (2020 жылдың бірінші жартыжылдығында тауар айналымының көлемі 34,75 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,3%-ға артық), сұхбаттастар экономикалық өзара іс-қимылдың жаңа тауашаларын табу және қолда бар әлеуетті толық ашу қажеттілігімен келісті.
Тараптар экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге болатын нақты жобалар мен өзара іс-қимыл бағыттарын анықтау мақсатында белсенді және мақсатты бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының ішінде машина жасау, оның ішінде автомобиль жасау, қорғаныс өнеркәсібі, инжиниринг, энергетика (жаңартылатын энергия көздеріне ерекше зейін қоя отырып), IT, фармацевтика және туризмге баса назар аударылды.
Қазақстандық дипломат Нұр-Сұлтан қаласында құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығының, Халықаралық жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар орталығы және Халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің қызметі туралы қысқаша түсінік беріп, олардың өзара әрекеттестікті тереңдету және әртараптандыру үшін тиімді алаңға айналуы ықтимал екенін атап өтті.
Қазақстанның Словакияның гидрология, орман шаруашылығын басқару және көгалдандыру, балама және жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» экономика саласындағы тәжірибесі мен технологияларын зерделеуге деген қызығушылығы атап өтілді. Соңғысы, әсіресе, Қазақстанның экономиканың «жасыл» рельстеріне ауысуы, Қазақстанның энергетикалық және жылу жүйесін экологияландыру және жаңғырту жағдайында өте маңызды. Бүгінгі таңда Словакияның энергетикалық секторында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 14% құрайды, болашақта оны гидро-, күн және жел энергетикасын дамыту есебінен арттыру жоспарлануда.
Кездесу барысында екі елдің мемлекеттік органдары жүргізіп келе жатқан кең ауқымды салалардағы бірқатар екіжақты келісімдер мен ынтымақтастық туралы меморандумдарды келісу және жақын арада қол қоюға дайындық жұмыстары оң бағаланды.
Жылы шырайлы, достық жағдайда өткен кездесудің соңында тараптар қолда бар уағдаластықтарды сапалы орындау және 2021 жылға Братиславада жоспарланған ҮАК келесі отырысына дайындық бойынша тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.