БРАТИСЛАВА, 2020 ж. 18 тамыз – Словакия мен Қазақстан арасында геология, пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы ынтымақтастық үшін кең алаң бар. Мұндай ынтымақтастықтың нақты болашағын бүгін Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенко, Кошице қаласындағы техникалық университеттің тау-кен, экология, менеджмент және геотехнология факультетінің деканы Михал Цихлар және Словакия Білім, ғылым, зерттеу және спорт министрлігінің экс-мемлекеттік хатшысы Ольга Нахтманнова егжей-тегжейлі талқылады.
Ақпарат: Кошицедегі Техникалық университет 1952 жылы құрылған, дегенмен оның тамырын тереңнен табуға болады. 1657 жылы Кошице қаласында «Universitas Cassoviensis» білім беру мекемесі құрылды, ол кейінірек 1762 жылы австро-венгрлік императрица Мария Терезияның Банска Штьявница қаласында Тау-кен академиясын құрғаннан кейін университет мәртебесін алды. Бұл кен өндіруден бастап металл материалдарын өндіруге және өңдеуге дейінгі көптеген пәндер бойынша білім мен зерттеулердің алға басуына ықпал етті. Кошице қаласында техникалық жоғары білімнің дамуы 1937 жылға дейін жалғасты, сол кезде Чехословакия Республикасының № 170 Заңының негізінде Кошицеде доктор Милан Растислав Штефаник атындағы мемлекеттік техникалық университет құрылды.
Словак университеті академиялық және технологиялық алмасу жөнінде қазақстандық серіктестермен ғылыми, білім беру және коммерциялық ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Кошице техникалық университеті қос дипломды бағдарламалар мен Еуропалық Одақтың гранттық бағдарламалары қаржыландыратын озық ғылыми жобаларға қатысуды ұсынады (жыл сайын шамамен 8 миллион евро).
М.Цехлар мен кездесуге қатысқан көрнекті геолог Юрай Яночконың айтуынша, факультеттің ең серпілісті ғылыми-зерттеу жобаларына литийді басқару (өндіру, литий-иондық батареяларды шығару), сутегі энергетикасы (энергияның зор аккумуляторы ретінде пайдалану үшін сутекті жер асты сақтау), оттегі мен сутекті пайдаланып термиялық бұрғылау салаларындағы жобалар жатады.
Соңғы 15 жыл бойы жұмыс істеп жатқан соңғы әзірленім біздің ресурсқа бай мемлекет үшін әсіресе қызықты, өйткені бұл жерасты бұрғылау құнын классикалық механикалық бұрғылауға қарағанда 60% -ға төмендетуге мүмкіндік береді. Патенттелген инновациялық қондырғы 200 атмосферадан жоғары қысыммен жоғары температуралы бұрғылау қағидаты бойынша жұмыс істейді (2000 °C жоғары). Бұрғылау қондырғысы сонымен қатар бұрғылау кезінде топырақтың құрамын талдауға және жанғыш минералдардың бар-жоғын анықтауға мүмкіндік беретін жоғары технологиялық сезбектермен және жасанды санамен жабдықталған, бұл бүкіл үдерістің қауіпсіздігін арттырады.
Кездесу барысында тараптар тығыз ынтымақтастықты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізді және оның бастапқы бағыттарын белгіледі.