
Жилина, 2024 жылғы 7 қараша – Словак тарапының бастамасы бойынша Қазақстанның Словакиядағы Елшілігі Словакияның Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп Жилина өлкесінде Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары, бірқатар компаниялардың басшылары және іскери ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен «Қазақстан Республикасы және ЕАЭО-ға мүше басқа да мемлекеттермен экономикалық байланыстар» тақырыбында халықаралық конференция өткізді.
Жилина облыстық сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Павел Витек өңірлік бизнестің Қазақстан және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдермен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға деген қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті. Ол конференцияны өткізу іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге және Словакияның шығыс бағыттағы өңіраралық байланыстарын нығайтуға септігін тигізетіндігіне сенім білдірді.
ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев ү.ж. 3-4 қазанда Астанада өткен Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссиясының 10-шы отырысының қорытындысы туралы баяндады. Өзара сауданың өсуінің оң серпінін атай отырып, дипломат словакиялық кәсіпкерлерді қазақстандық нарыққа белсенді түрде шығуға шақырып, бизнесті жүргізу үшін инвестициялық преференциялар, энергия мен жұмыс күшінің төмен шығындары, сондай-ақ көршілес елдердің ірі нарықтарына қол жеткізу, қарқынды дамып келе жатқан көлік-логистикалық индустрия инфрақұрылымы сияқты қолайлы жағдайлар туралы айтып берді. ЕАЭО-ның 10 жылдық қызметінің қорытындысына түсінік бере отырып, оны құру бастамасы Қазақстанға тиесілі екенін еске салды. Өткен жылдары интеграциялық бірлестікке мүше елдердің ЖІӨ-нің жиынтық өсімі 14% - дан асып, өзара сауда көлемі 90 млрд. долларға жеткенін айтты.
Еуразиялық экономикалық комиссияның сарапшылары Дмитрий Ежов пен Игорь Максимов орта мерзімді перспективада интеграциялық бірлестікті дамытудың басым мақсаттары мен негізгі міндеттері туралы баяндай отырып, он жыл ішіндегі ЕАЭО қызметіне егжей-тегжейлі талдау жасады.
Экономикалық конференция барысында Қазақстан және ЕАЭО-ның басқа елдерімен ынтымақтастыққа мүдделі бірқатар словак компанияларының басшыларымен В2В форматында екіжақты кездесулер өтті.