
Братислава, Атырау, 2024 жылғы 30 шілде – Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың Словакия-Қазақстан іскерлік ынтымақтастық қауымдастығының президенті Петр Олеярмен және «Audov Group» компаниясының басшылығымен бейнеконференция арқылы келіссөздері өтті. Келіссөздерге ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев және депутат, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов қатысты.
Келіссөздер барысында тараптар су тасқынынан қорғау саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Словак тарапы «Aqua Bag Stop» су тасқынынан қорғауға арналған сіңіргіш қаптарды жеткізуге дайын екенін білдірді. «Audov Group» өнімі сумен жанасқанда көлемі 35 есе кеңейеді және аумақты су тасқынынан қорғауға, сондай-ақ суды ағызатын бөгеттерді салуға арналған. Қаптарды төтенше жағдайларда да, үйде де, үй-жайларды тез кептіру үшін өндірісте де қолдануға болады. Атырау облысы әкімдігінің басшылығы словак компанияларының өнімдерін жеткізуге, сондай-ақ осы өнімдерді Қазақстанда технологиялар трансферті арқылы бірлесіп өндіруді ұйымдастыруға қызығушылық танытты.
Іс-шараны ҚР Словакиядағы Елшілігі 2020 жылы қол қойылған су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы Қазақстан-Словакия ведомствоаралық меморандумы аясында ұйымдастырды. Бірқатар словак компаниялары ҚР өңірлерімен су тасқынынан қорғау, су тасқынына қарсы іс-шаралар және су құрылыстарының қауіпсіздігін қадағалау, сондай-ақ инженер-гидротехниктерді оқыту мәселелері бойынша ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты.
Анықтама: Словакияның су ресурстарын басқару саласында көп жылдық табысты тәжірибесі бар. Елде 350-ден астам су шаруашылығы, гидроэнергетикалық және су тасқынынан қорғайтын инженерлік құрылыстар, су қоймалары мен бөгеттер, сондай-ақ ирригациялық және экологиялық баланс жүйелері бар.