Қазақстан мен Словакия өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Словакия өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуда

Жилина, 2024 жылғы 17 мамыр – Қазақстан Елшісі Төлежан Барлыбаев Жилина Өңірлік сауда-өнеркәсіп палатасына барып, сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективаларын талқылау және Қазақстанның экономикалық әлеуетін таныстыру мақсатында өлкенің жетекші компанияларының басшыларымен кездесулер өткізді.

Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен әңгіме барысында дипломат Қазақстанның қазіргі жағдайы, қазақстандық экономиканың жай-күйі және Мемлекет басшысының ҚР Үкіметінің алдына қойған міндеттері туралы айтты. Қазақстан экономикасының былтырғы жылы 5,1%-ға өскені, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың кең мүмкіндіктерімен қатар Қазақстанның елеулі инвестициялық әлеуеті аталып өтті. Қазақстан мен Словакия арасындағы өзара сауданың тұрақты өсу үрдісі атап өтілді, оның көлемі 2023 жылдың соңында 13,3%-ға өсіп, 138,9 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен бірге, Словакияға қазақстандық өнім экспортын ұлғайту арқылы тауар айналымының құрылымын кеңейту және теріс сауда сальдосын еңсеру қажеттігі айтылды.

Жилина Өңірлік сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығы қазақстандық нарықтың зор әлеуетін, сондай-ақ словак бизнесінің Қазақстанмен іскерлік байланыстарды дамытуға мүдделі екенін айта отырып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2024 жылғы қазанда Астанада жоспарланған Экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словакия үкіметаралық комиссияның 10-отырысына және бизнес-форумға словак делегациясының қатысуын бірлесіп пысықтау, сондай-ақ іскерлік жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері туралы тұрақты ақпарат алмасуды жолға қою туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

Жилина өлкесі – Словакияның маңызды өнеркәсіптік және қаржылық орталықтарының бірі болып табылады. Өңір машина жасауда (темір жол жабдықтары, мойынтіректер, құрылыс жабдықтары мен құрал-саймандары), сондай-ақ автомобиль өнеркәсібінде бұрыннан қалыптасқан дәстүрге ие. 2006 жылдан бері Жилина маңында Kia корпорациясының автомобиль зауыты жұмыс істейді, ол 2023 жылы 350 мың автокөлік шығарды.