
БРАТИСЛАВА – Қазақстан мен Словакия арасында жасыл энергетика және инновацияларды ілгерілету және енгізу саласындағы ынтымақтастық үшін кең алаң бар. 26 маусымда өткен кездесуден кейін Қазақстан Республикасының Словакиядағы Елшісі Роман Василенко және жаңадан тағайындалған Словак инновация және энергетика агенттігінің (SIEA) Петер Блашкович осындай тұжырым жасады.
SIEA Словакия Экономика Министрлігінің жанындағы кең ауқымды қызмет атқаратын мемлекеттік ұйым болып табылады. Бастапқыда Агенттіктің негізгі міндеті энергия тиімділігін арттыру, оның ішінде мемлекеттік энергетикалық кәсіпорындардың энергия тиімділігінің мониторингі мен талдамасы, жаңартылатын энергия көздерін енгізу, энергетикалық заңнамаға ұсыныстар әзірлеу, энергия үнемдеу мәселелері бойынша үй шаруашылықтарына, кәсіпорындарға және мемлекеттік ұйымдарға ақысыз кеңестер беру, энергетиктерден емтихан қабылдау және т.б.
Кейіннен 350-ге жуық адам жұмыс істейтін агенттіктің міндеттері инновацияларды енгізуді қолдау, елдегі инновациялық қызметті бақылау және бағалау мәселелері сияқты жаңа міндеттер есебінен кеңейе түсті. Қазіргі таңда SIEA Словакия сыртқы және еуропалық істер министрлігімен бірлесе отырып, словак хай-тек компанияларын сыртқы нарықтарға жылжытумен айналысады.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және денсаулық сақтау саласындағы едәуір және жан-жақты тәжірибесі бар П. Блашкович өзінің жоспарларымен және SIEA-ның болашағына көзқарасымен бөлісті. Осы уақытқа дейін Ұлттық медициналық ақпарат орталығын басқарған П. Блашкович электронды денсаулық сақтау жүйесін енгізді. Қазір Словакия көптеген, оның ішінде дамыған елдерге электрондық денсаулық сақтау мәселелері бойынша кеңес береді. Коронавирустық пандемия кезінде орталық вирустың таралуын тежеуге бағытталған күш-жігерге ықпал ететін арнайы мобильді қосымша әзірледі және кеңінен енгізді. SIEA энергетикалық және инновациялық үдерістерді цифрландыру саласындағы жұмысын күшейтеді деп күтілуде.
Сұхбаттас атап өткендей, агенттік Қазақстанды маңызды және перспективалы серіктес ретінде қарастырады және тиісті әріптестермен кең ауқымды бағыттар бойынша өзара тиімді екіжақты ынтымақтастық орнатуға дайын. Р.Василенко жасыл энергетиканың дамуы мен Қазақстандағы инновациялар мен цифрландыруды дамыту үдерісінің қысқаша сипаттамасын, сондай-ақ осы салаларда қызмет ететін министрліктер мен ұлттық компаниялардың, атап айтқанда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, денсаулық сақтау, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, экология, геология және табиғи ресурстар министрліктері, сонымен қатар Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы және Astana IT Start-Up Hub туралы қысқаша түсінік берді.
Тараптар тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға келісті және оның бастапқы бағыттарын белгіледі: нысандардың энергия тиімділігін бағалау бойынша тәжірибе алмасу, энергетика саласындағы мамандарды даярлау, технологиялық компаниялар арасында байланыс орнатуға қолдау көрсету, ноу-хау трансфері және т.б.