«KOLIBA» сүт фабрикасы – Қазақстан үшін қызықты мықты словак бизнесі

«KOLIBA» сүт фабрикасы – Қазақстан үшін қызықты  мықты словак бизнесі

ГРИНЁВА – 25 маусымда Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшісі Роман Василенко отандық экономикаға шетелдік инвестициялар мен технологияларды тарту және сауданы кеңейту мақсатында елдің орталық бөлігіндегі Гринёва қаласында орналасқан «KOLIBA» сүт зауытына барып қайтты.

«KOLIBA» елдегі үшінші ең ірі сүт зауыты болып табылады және ондағы словак үлесі 100%-ды құрайды. Оның жылдық тауар айналымы шамамен 70 миллион еуроны құрайды, ал жұмысшылар саны – 140 адам. Компания жыл сайын табыстың едәуір бөлігін өндірісті жаңғыртуға жұмсайды. Қазіргі таңда «KOLIBA» тұйық циклды өндірістің сәтті үлгілерінің бірі болып табылады. Өнімділігі жоғары голштин тұқымының 1500 сиыры бар компания шикізаттың жартысынан көп бөлігімен өз-өзін қамтамасыз етеді, қалғанын жергілікті фермерлерден сатып алады. Зауыттағы шикізат қалдықсыз пайдаланылады: ірімшік өндірісінде жанама болып табылатын сарысу құрғақ сүт өнімдерін өндіру үшін қолданылады. Шаруашылықта электр және жылу энергиясын өндіру үшін қолданылатын биогаз өндірісі жолға қойылған.

Қазіргі уақытта «KOLIBA» ысталған және ысталмаған жартылай қатты пісетін ірімшіктерді, дәстүрлі майды, кілегей мен өсімдік майының қоспасынан дайындалған өнімдерді, құрғақ сүт өнімдерін, атап айтқанда лактозаны, кептірілген ақуызды, WPC (сарысу ақуызы концентраты) және құрғақ пермеатты және ақуыз батончиктерін өндіруде маманданады. 2004 жылдан бастап цехта HACCP өнім сапасын бақылау жүйесі қолданылады. Компания басшылығы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына назар аударады, бұл ISO 9001: 2015 және ISO 22000: 2005, IFS және Halal сертификаттарынан көрінеді.

«KOLIBA» сүт өнімдері Чехияға, Мажарстанға, Румынияға, Болгарияға, Сербияға, Хорватияға, Босния және Герцеговинаға, сондай-ақ Словенияға, құрғақ сарысу өнімдері Вьетнамға, Қытайға, Ресейге, Канадаға және Үндістанға экспортталады.

«KOLIBA» және туыстас компанияның иелері Я. Малатинецпен және М. Малатинецпен Қазақстанға экспортты жолға қою перспективалары, сондай-ақ отандық ауыл шаруашылығы мен тағам өнеркәсібінде словак тәжірибесін қолдану мәселелері талқыланды. Р. Василенко сұхбаттастарына Қазақстанның инвестициялық және транзиттік әлеуеті, еліміздің аумағында өндіріс ашу перспективалары туралы айтып берді.

Ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, соның ішінде мүдделі қазақстандық ауыл шаруашылығы мамандарымен сүт өндірісін жаңғырту және автоматтандыру, асыл тұқымды мал өсіру, биогаз қондырғыларын іске қосу және т.б. мәселелер бойынша тәжірибе алмасу түрінде.

Қазақстандық дипломаттардың Гринёв қаласына сапары Словак Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Елшімен бірге Словакия СЕІМ-нің экономикалық дипломатия жөніндегі бас директоры және департамент директоры Душан Матулай мен Виктор Борецки болды, олар сұхбаттастарға ресми Братиславаның Қазақстанмен екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуды қолдайтынын ерекше атап өтті.