БРАТИСЛАВА, 2020 жылғы 10 маусым – Бүгін Қазақстан Республикасының Словак Республикасындағы Елшісі Роман Василенко мен Словакия Сыртқы және еуропалық істер министрлігінің (СЕІМ) жаңадан тағайындалған мемлекеттік хатшысы Ингрид Броцкова өткізген кездесуде қатынастардың бүкіл спектрі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген өзара ұмтылыс расталды.
Сұхбат барысында елші Қазақстан үшін Орталық және Шығыс Еуропа мен Еуропалық Одақтағы маңызды және перспективалы саяси және экономикалық серіктестердің бірі болып табылатын Словакиямен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы Братиславада Қазақстан Елшілігін ашу туралы шешімі екі ел арасындағы өзара сенімді қарым-қатынастарының нышаны, оларды әрі қарай дамыту және нығайту үшін үлкен әлеуеттің, сонымен қатар Словакияның халықаралық беделінің дәлелі болып табылатынын атап өтті. Р. Василенко Словакияның өткен жылы ЕҚЫҰ-ға сәтті төрағалық еткенін, Братиславаның қатысушы мемлекеттер арасындағы өзара сенімнің төмендеуі жалпы үдерісі жағдайында осы ұйымды нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде, И.Броцкова Братиславада Қазақстан Республикасының дербес Елшілігінің ашылуы мен қызметін жылы қошаметтеді. Ол бұл қадамдар екіжақты ынтымақтастықты барлық салада жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді.
Елші Словакияны Еуропадағы коронавирустық пандемиямен күресудегі ең сәтті тәжірибесімен құттықтап, Қазақстанда инфекциямен күрес жөніндегі шаралар туралы баяндады. Сұхбаттастар екі елде мәжбүрлі шектеулерден кейін экономиканы қалпына келтіру үшін қабылданған шараларды талқылады, осы салада тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Р. Василенко сұхбаттасын Президент Қ. Тоқаевтың ішкі және сыртқы саясатының негізгі басымдықтарымен және елде жүргізіліп жатқан реформалармен таныстырып, әртараптандыру мен экономиканың жаңа «пандемиядан кейінгі» моделін құру бағытын ерекше атап өтті. (Жаңадан сайланған екі мемлекет басшылары К. Тоқаев пен Зузана Чапутованың инаугурациясы 2019 жылғы маусымда үш күндік айырмашылықпен өткені қызықты факт ретінде атап өтілді).
Сұхбаттастар соңғы жылдардағы екіжақты байланыстардың жоғары динамикасын атап өтті (Премьер-министр П. Пеллегринидің, Ұлттық кеңес төрағасы А. Данконың, Сыртқы және еуропалық істер министрі М. Лайчактың Қазақстанға жасаған сапарлары), осындай динамиканы нығайтудың, ең жоғары және жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлар тәжірибесін жалғастырудың
маңыздылығын атап өтті.
Ү.ж. 21-22 қаңтарда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстандық-словак экономикалық, ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 8-отырысының оң нәтижелерін атап өтіп, сұхбаттасушылар нақты нәтижелерге қол жеткізуге баса назар аудара отырып, отырыс хаттамасын жүзеге асыру жұмысының барысын қарастырды.
Осы орайда, сұхбаттастар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға, екіжақты сауданы нығайтуға және жаңа тауашаларды іздеуге баса назар аударды. Сұхбаттастар келешегі бар салалар арасында автомобиль жасауды қоса алғанда машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі, инжиниринг, энергетика, IT, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және туризм салаларын атап өтті. Словакияның гидрология, орман шаруашылығын басқару және көгалдандыру, баламалы және жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» экономика саласындағы тәжірибесі мен технологиялары да Қазақстан үшін қызығушылық тудырады. Таяу уақытта пандемиядан туындаған шектеулер алынып тасталғаннан кейін, IT және машина жасау, құрылыс және «жасыл» энергетика саласындағы Қазақстан мен Словакияның ықтимал іскер серіктестерінің байланыстары қайта жанданады деп күтілуде.
Анықтама: үстіміздегі жылдың алғашқы төрт айында тауар айналымы 27,2 млн. долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп. Бүгінгі таңда Қазақстанда словак үлесі бар 40-қа жуық заңды тұлға, филиал мен өкілдік, сондай-ақ 24 бірлескен кәсіпорын тіркелген.
Словакия, Еуропалық Одақтың мүшесі ретінде, ү.ж. наурызда күшіне енген ҚР-ЕО кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің және өткен жылы ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясының қабылдануы аясында Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі. И. Броцкова кездесуде атап өткендей, оның отандасы және Словакия СЕІМ-нің бұрынғы мемлекеттік хатшыларының бірі Петер Буриан ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі ретінде аймақаралық ынтымақтастықты дамыту үшін бұрынғыдай күш-жігерін аямауда.
И. Броцкованың Дүниежүзілік банктегі және СР-дың Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы (ЭЫДҰ) елшісі ретіндегі жұмыс тәжірибесін ескере отырып, сұхбаттастар мемлекеттердің осы ұйымдардағы өзара әрекеттесу тақырыбын да қарастырды. Сонымен қатар, дипломаттар SlovakAid агенттігінің ағымдағы қызметін, Қазақстан Республикасында осы тетіктің дамытылып жатқанын және Ауғанстан сияқты мемлекеттерді қолдауға ортақ назар аударылып отырғанын ескере отырып, екі ел арасындағы дамуға ресми көмек көрсету (ДРК) саласындағы ынтымақтастық перспективаларын жете талқылады.
Жылы шыраймен өткен кездесу барысында сұхбаттастар қатынастардың шарт-құқықтық базасын одан әрі кеңейтудің, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын, сондай-ақ екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша тұрақты диалог жүргізуге дайын
екендіктерін ерекше атап өтті.