«Ғылым үшін шекара жоқ»

«Ғылым үшін шекара жоқ»

БРАТИСЛАВА, 2020 жылғы 19 мамыр – «Ғылым үшін шекара жоқ» – осы қанатты сөз Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Р. Василенко мен Словак Ғылым Академиясының Төрағасы Павол Шайгаликтің Қазақстан мен Словакия ғылыми қоғамдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту туралы бүгінгі сындарлы сұхбатының арқауы болды.

Кездесу барысында Словак Ғылым Академиясы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академисының қалыптасуына және дамуына арналған толық тарихи экскурс жасалды. Академиялардың шамамен бір уақытта – тиісінше 1953 және 1946 жылдары құрылғаны және іргелі және қолданбалы зерттеулерге бейімделгендіктен, ұқсастықтарының көп екендігі мәлім болды.

Словак Академиясы өзін-өзі басқаратын тәуелсіз ғылыми ұйым болып табылады, оның құрамында 3 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді және ол әр түрлі саладағы 45 тәуелсіз ғылыми-зерттеу институтынан тұрады. Жыл сайынғы мемлекеттік қаржыландыру шамамен 85 миллион еуроны құрайды, дегенмен, академия еш министрліктің бағынышты құрылымы емес, отандық университеттермен тығыз жұмыс істейді, бірақ олармен заңды байланысы жоқ. Оқу үрдісіне белсенді қатысады. Академияда 500-ге жуық докторант, оның ішінде 35 шетелдік азамат оқиды.

Словак Академиясының негізгі міндеттерінің бірі – студенттер мен қызметкерлер құрамын интернационалдандыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту. Осыған байланысты, академия басшылығы қазақстандық әріптестерімен тікелей байланыс орнатуға және перспективалы ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылауға қызығушылық білдірді. Осы бағыттарға ішінде әртүрлі салаларда бірлескен зерттеулер жүргізу, PhD деңгейінде білім алу және постдокторантурада жұмыс істеу жатады.

Өз кезегінде, Елші Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қызметі мен жетістіктері туралы айтып берді, елде 400-ден астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар екендігін және олардың тиімділігін Scopus және Web of Science мәліметтер базасындағы жарияланымдардың бірнеше есе артқаны растайтынын хабарлады. Қазақстандық тараптың ынтымақтастықты кеңейтуге деген өзара қызығушылығын қуаттады. Қазіргі уақытта Еуропалық Одақтың «Горизонт 2020» бағдарламасының аясында Словак Ғылым Академиясының Геотехника институты мен Назарбаев Университетінің жану проблемалары институты арасында медициналық қолдану үшін наноқабыршақ және наноқұрылымды материалдар саласындағы жоба бойынша ғылыми ынтымақтастық жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, елші 2020 жылы ұлы классик және гуманист Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы және көрнекті философ және ғалым Әл-Фарабидің 1150 жылдығы халықаралық деңгейде атап өтілетінін хабарлады. Осыған орай, үстіміздегі жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы бастаған қазақстандық өкілдік делегацияның Словак Ғылым Академиясының Орталық кітапханасына Абайдың және Абай туралы көптеген кітаптарды сыйға тартқанының маңыздылығы атап өтілді. Елші Абай шығармашылығының қазақ халқы үшін маңыздылығын атап өтті және кітапхана қорының Абайдың кітаптарымен толығуы словак жұртшылығына қазақ халқы туралы көбірек білуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Кездесу соңында Елші

Академия басшылығын үстіміздегі жылғы кейінірек уақытта өткізілетін Абай «Қара сөздерінің» словак тіліндегі нұсқасының тұсаукесеріне қатысуға шақырды