
Братислава, 2023 жылғы 16 қазан – Республика күні қарсаңында Словакия астанасында көрнекті қазақстандық және словакиялық орындаушылар, беделді халықаралық музыка байқауларының лауреаттары Эльдар Сапараев, Роман Патколо және Мириам Родригес-Брюлованың көрермендердің ықыласына бөленген классикалық музыка концерті өтті.
Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Республикасының Елшісі Төлежан Барлыбаев басты ұлттық мереке – Республика күнінің маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның саяси жаңғырудағы, заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі және адам құқықтарын қорғаудағы, сондай-ақ қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға бағытталған экономикалық курсты жүзеге асырудағы табыстарын ерекше атап өтті. Қазақстанның халықаралық беделінің өсуі және жаһандық саясаттағы рөлінің нығаюы, еліміздің халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына, бейбіт және сындарлы сыртқы саясатқа адалдығы атап өтілді.
Братиславадағы ең үздік концерттік залдардың бірі – Moyzes Hall залында Қазақстан мен Словакияның дарынды орындаушыларының концерті көрермендерге қазақ және еуропалық композиторлардың шығармаларының репертуарын ұсына отырып, классикалық музыканың керемет атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.
Атақты қазақстандық виолончельші әрі дирижер, баспасөзде орынды айтылғандай, «Қазақстаннан шыққан дала жанартауы» Эльдар Сапараев Қуат Шілдебаев, Хамит Шанғалиев, Камиль Сен-Санс және Астор Пьяццолланың шығармаларын шебер орындады.
Атақты словак маэстро, контрабас шебері, Мюнхен музыка мектебінің және Базель музыка академиясының профессоры Роман Патколо Рихард Бонде, Николо Паганини және Жорж Бизенің классикалық шығармаларын тамаша ойнады.
Вышеград музыкалық жастар академиясының негізін қалаушы, Братислава консерваториясының және өнер академиясының оқытушысы, виртуоз-гитарист Мириам Родригес-Брюллова жиналғандарға Пабло Касальс пен Альдо Родригестің музыкалық туындыларын ұсынды.
Словакиялық көрермендер музыканттарды ыстық ықыласпен қарсы алып, олардың өнерлерін ұзақ қол соғып қарсы алды. Концерттен кейін оның қатысушылары мен қонақтары Moyzes Hall атриумында орналасқан ежелгі дәстүрлер сабақтастығы мен көшпелілер өркениетінің дамуын көрсететін «Ұлы Даланың мәдениеті мен халық әдет-ғұрыптары» атты қазақ фольклорлық көрмесін тамашалады.
Көпшіліктің назарына Словакияда білім алып жатқан қазақ студенттерінің орындауындағы танымал домбыра күйлері мен халық билері ұсынылды. Іс-шараның барлық қатысушыларына Қазақстан туралы буклеттер мен брошюралар, сондай-ақ Республика күніне арнайы словак тілінде шығарылған «Халық даналығы» қазақ мақал-мәтелдері кітабы сыйға тартылды.