
13 күн ішінде Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясы бар науқастарға арналған аурухана салынды. Құрылым құрастырмалы ғимараттарды салу технологиясын қолдана отырып, модульді блоктардан тұрғызылды.
200 орынға есептелген емхана медициналық қызметкерлер мен пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи құралдарымен жабдықталған. Аурухана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының барлық стандарттарына сәйкес келеді.
Медициналық мекеменің жалпы ауданы - 7 мың шаршы метр. Оны салуға ел бюджетінен 5,5 миллиард теңге бөлінді.
Екі апта ішінде салынған жаңа ауруханаға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол мекеме ұжымымен кездесіп, науқастарды емдеу үшін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған медициналық бөлімдер мен палаталарды қарап шықты.
Қазақстанда бүгінде коронавируспен ауыратын 2,3 мыңнан астам науқас тіркелген. Оның ішінде 560 адам емделді, 22 адам қайтыс болды. Елде төтенше жағдай режимінде карантиндік шаралар бар.