
Братислава, 2023 жылғы 7 маусым – ҚР Елшілігі Словакияның «АSА» аналитикалық институтымен және «Жаңа сөз» сараптамалық клубымен бірлесе отырып, қазақстандық реформалардың эволюциясы, сондай-ақ Қазақстанның Словакия және Еуропалық Одақпен ынтымақтастығы мәселелеріне арналған ғылыми-зерттеу конференциясын ұйымдастырды. Талқылауға саясаттанушылар, шығыстанушылар, дипломаттар, халықаралық қатынастар мамандары, әлеуметтанушылар мен журналистер қатысты.
ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев конференцияға қатысушыларды демократиялық принциптерге, мемлекеттік басқару жүйесін және билікті орталықсыздандыруды кешенді түрлендіруге, парламентаризмді және көппартиялықты нығайтуға, заңдылық пен адам құқықтарын қорғауға негізделген Қазақстанның саяси құрылымының жаңа моделіне шолу жасады. Қазақстан басшылығының ҚР қоғамдық-саяси құрылымын жаңғыртуға, экономикалық өсімі мен әлеуметтік дамуына бағытталған саяси бастамаларының маңыздылығы баса айтылды.
Мемлекеттік шекаралар периметрі бойындағы қауіпсіздікті және Орталық Азиядағы өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ететін Қазақстанның прагматикалық сыртқы саясатын талқылауға ерекше назар аударылды. Халықаралық қатынастардағы шиеленістің күшеюі «әйнек үйде бір-біріне тас лақтыру» тәріздес екені атап өтілді, бұл жердегі әйнек үй – біздің планетамыз. Елші жетекші державалармен стратегиялық әріптестік орнатуға мүмкіндік берген Қазақстанның бейбітшіл, көпвекторлы және теңгерімді саясатқа бейілділігін қуаттады.
Еуропалық Одақ Қазақстанның ең ірі сауда-инвестициялық серіктесі болып табылатыны, оның үлесіне Қазақстанның сыртқы саудасының 40 пайыздан астамы келетіні баса айтылды. Астананың Еуроодақпен сауда көлемін жылына 50 млрд долларға дейін, соның ішінде Транскаспий көлік дәлізінің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану есебінен арттыруға дайындығы атап өтілді. Сондай-ақ дипломат ҚР мен Словакия арасындағы тауар айналымының екі есеге артқанын, Сауда байланыстары қауымдастығының құрылуын, іскерлік және академиялық алмасудың кеңеюін, Қазақстанның құрметті консулдықтардың ашылуын және басқа да шараларды атап өтті. Ол Словакия өкілдерінің 2023 жылғы 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуы екіжақты байланыстарды дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.
«ASA» институтының директоры, профессор Мартин Муранский қазақстандық реформалардың ауқымын, қарқынын және сапасын жоғары бағалады. Ол Конституциялық Соттың құрылуы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесінің артуы және адам құқықтары саласындағы басқа да практикалық қадамдар Қазақстанды гуманитарлық өлшем саласындағы өңірлік көшбасшыға айналдырады деген пікір білдірді. Оның айтуынша, Қазақстанның этносаралық қатынастар мен конфессияаралық келісімді реттеудің тиімді үлгісін жасау тәжірибесі де көптеген елдерге үлгі бола алады.
Саясаттанушы, ғылым докторы, Словакияның Қазақстан Республикасындағы бұрынғы Елшісі Петер Юза Қазақстанның халықаралық қатынастар жүйесіндегі сенімді серіктес, беделді және жауапты қатысушы ретіндегі белсенді рөліне ерекше назар аударды. Энергетика, машина жасау, IT секторы, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, туризм және білім беру салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең әлеуеті атап өтілді.
Іс-шараға қатысушылар Словакия мен Қазақстанды тарихи тағдыр мен заманауи даму жолдарының ұқсастығы, сондай-ақ сенімге, өзара құрметке және екі ел халықтарының игілігі үшін ынтымақтастықты дамытуға деген ұмтылысына негізделген жақын сыртқы саяси ұстанымдары біріктіреді деген ортақ пікірге келді.
Анықтама: "ASA" институты (талдау, стратегиялар, баламалар) 2004 жылы құрылған тәуелсіз зерттеу және баспа институты болып табылады. Институттың мақсаты – Словакия, ЕО және басқа да елдердің қоғамдық-саяси дамуын зерттеу, ғылыми жобаларды, пікірталастарды ұйымдастыру және т.б. Мемлекеттік білім беру мекемесі ретінде институт өскелең ұрпаққа, кәсіподақтарға, азаматтық қоғамға, сондай-ақ демократия құндылықтары мен мақсаттарын бөлісетін қалың жұртшылыққа бағытталған.
«Жаңа сөз» - саясат, мәдениет және экономика тақырыбында жазатын танымал апталық журнал. Словакияның ұлттық антифашистік көтерілісі кезінде құрылған, бірінші саны 1944 жылы 24 қыркүйекте жарық көрді. Көтеріліс басылғаннан кейін журнал жұмысын тоқтатып, 1945 жылы 1 маусымда қалпына келтірілді. Оны құрудың негізгі бастамашысы Чехословакияның соңғы президенті Густав Гусак болды. «Сөз» журналының шығарушысы «Жаңа сөз клубы» қоғамдық бірлестігі болып табылады.