Братиславада Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы күресінің тарихына арналған дөңгелек үстел өтті

Братиславада Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы күресінің тарихына арналған дөңгелек үстел өтті

Братислава, 2022 жылғы 14 желтоқсан – Қазақстанның Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Елшілігінде Словакияның тарихшылары, шығыстанушылары мен ғылыми-зерттеу институттары сарапшыларының қатысуымен «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихы» атты дөңгелек үстел өтті.

Елші Төлежан Барлыбаев қатысушылардың назарына қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ғасырлар бойғы күресінің – XVIII ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыстан бастап өткен ғасырдағы оқиғалар мен 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының жаппай наразылығына дейін – тарихи сұлбасын көрсетті. Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері – Алаш Орданың негізін салушылар Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқа да қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтары үшін күрескен қайраткерлердің ұлттық сананы көтерудегі шешуші рөлі атап өтілді.

Дипломат қазақ және словак халықтарының ұлттық болмысты, тіл мен мәдениетті сақтау жолындағы күрестегі тарихи тағдырларының жақындығы туралы пікір білдірді. Сонымен, «Алаш Орда» көсемдері мен словактардың ұлттық идеологиясының негізін қалаған көрнекті қайраткер Людовит Штурдың (1815-1856) идеяларының ұқсастығы атап өтілді. Сондай-ақ Елші «Прага көктемінің» бастамашысы Александр Дубчектің Бішкекте өскенін, Ұлы даланың көшпелі халықтарының дәстүрлерін жақсы білгенін, оның идеялары Орталық Азия халықтарын тәуелсіздік үшін күресте шабыттандырып, XX ғасырдың соңындағы өзгерістерге күшті серпін бергенін еске салды.

Т.Барлыбаев словак халқына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехословакияны фашизмнен азат еткен қазақстандық жауынгерлердің естелігін мұқият сақтағаны үшін алғысын білдірді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай 1944 жылғы Словакияның ұлттық көтерілісінің тарихи орталығы, қазір Словакия тәуелсіздігінің символына айналған Банска-Бистрица қаласында Қазақстанның Құрметті консулдығын ашу жоспарланып отырғаны айтылды.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың назарына «Алаш» қозғалысының құрылу тарихынан сыр шертетін «Алаш Орда – қазақ зиялыларының үкіметі» атты бейнефильм, сондай-ақ Қазақстан елшілігінің қызметкерлері дайындаған тарихи-публицистикалық баяндама ұсынылды. Іс-шараның тақырыбы словакиялық сарапшылардың айтарлықтай қызығушылығын тудырды, олар екі ел халықтарының тәуелсіздік жолындағы тарихи тағдырларындағы параллельдерді көрді.

Словакияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі, саясаттанушы Петер Юза Семейдегі «Алаш арыстары» мұражайын аралаудан алған жеке әсерімен бөлісті. Ол Алаш қайраткерлері мен словак штуровшылары ұлт құрылысының эволюциялық принциптерін басшылыққа алып, екі ел халықтарының тілін, мәдениетін және ұлттық болмысын сақтауға орасан зор үлес қосқандықтан, рухани тұрғыда өте жақын болған деген пікір білдірді.

Нитра университетының Саясаттану және Еуразияны зерттеу кафедрасының профессоры Светозар Крно тәуелсіздік жолындағы күрестің тарихи мұрасын бірлесіп зерттеу қажеттігін атап өтті. Ол словак және қазақ халықтарын барлық ұлттар мен ұлыстарды құрметтеуге, теңдік пен тату көршілікке негізделген ұлттық мәдениет пен тілді дамытуда ортақ көзқарастар мен тәсілдемелер біріктіретінін баса айтты. Ол сталиндік қуғын-сүргіннің қасіретті жылдарында қазақ халқының көптеген халықтарға көмек көрсеткенін еске салды.

Қорытындылай келе, дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесіне орай барша қазақстандықтарға ізгі тілектерін білдірді.