Словакиялық саясаттанушылар мен сарапшылар қазақстандықтардың тарихи таңдауын құптады

Словакиялық саясаттанушылар мен сарапшылар қазақстандықтардың тарихи таңдауын құптады

Братислава, 2022 жылғы 25 қараша – Қазақстан Республикасының Елшілігінде саясаттанушылардың, халықаралық мәселелер жөніндегі мамандардың, ғылыми-зерттеу институттары мен сараптамалық орталықтары сарапшыларының және словакиялық БАҚ өкілдерінің қатысуымен Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауының қорытындыларына арналған дөңгелек үстел өтті.

Елші Төлежан Барлыбаев президенттік сайлаудың қорытындылары туралы айтып, ҚР заңнамасына және халықаралық стандарттарға қатаң сәйкестікте, еркін, әділ және ашық өткен сайлау науқаны мен дауыс беру тәртібінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Дипломат іс басындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісі Қазақстан халқы реформалар курсын шынайы қолдайтынын, ал сайлаушылардың жоғары белсенділігі қазақстандық қоғамның саяси жетілгендігін және қоғамның ауқымды өзгерістерді одан әрі ілгерілетуге деген сұранысын көрсеткенін атап өтті.

Саясаттану ғылымының профессоры, Словакияның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Петер Юза Президент сайлауының қорытындылары Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізумен және Қазақстан басшылығының күзгі саяси бастамаларын жүзеге асырумен қатар Қазақстан мемлекеттілігін нығайтудағы маңызды қадам болды деген пікірін білдірді. Билік пен қоғам арасындағы диалогты кеңейту, парламентаризмді, көппартиялық жүйені және азаматтық қоғамның басқа да институттарын нығайту арқылы Астананың саяси реформаларды жүзеге асырудағы жүйелі, салмақты көзқарасы атап өтілді.

СР СЕІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Урбан Руснак Қазақстан басшысына халық сенімінің жоғары рейтингін атап өтті, бұл оның сайлаудағы сенімді жеңісін қамтамасыз етті. Оның пікірінше, сайлаушылардың ерік-жігерінің нәтижелері ҚР басшылығының реформалар бағдарламасын жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол Астананың білім беру және жастарды қолдау саласындағы күш-жігерін жоғары бағалады.

Словакияның Стратегиялық талдау институтының (АСА) директоры, профессор Мартин Муранский ҚР Орталық сайлау комиссияының және басқа да мемлекеттік органдардың еркін және әділ сайлауды қамтамасыз ету бойынша тиімді шараларын атап өтіп, Қазақстан халқына жоспарланған қоғамдық-саяси жаңғырту жоспарларын жүзеге асыруда табыс тіледі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар қазақстандықтардың тарихи таңдауын құптай отырып, Астананың сайлау процесіне қатысушылардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, оның ішінде бәсекелестік сайлау принципін сақтау, кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, цифрлық технологияларды пайдалану, мүмкіндігі шектеулі сайлаушыларға көмек көрсету, сайлауды кеңінен қоғамдық және халықаралық байқау жөніндегі күш-жігерін атап өтті. Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауының ашық, жария және әділ өтуі ерекше атап өтілді. Сарапшылар өткен сайлау саяси жаңғыру, әлеуметтік консолидация және билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайту үдерісіндегі шешуші кезең – мемлекеттің тұрақты дамуының және Әділетті Қазақстанды құру идеясын табысты жүзеге асырудың кепілі болды деген ортақ пікірге келді.

Сайлау қорытындыларын жариялау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде, Қазақстанның Тәуелсіздік күні және Қазақстан мен Словакия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңында «Ayalagan Alaqan» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен «Әлем балалар көзімен» мүмкіндіктері шектеулі балалар суреттерінің көрмесі ұйымдастырылды, сондай-ақ «Заманауи Қазақстан» фотоэкспозициясы, қазақ қолданбалы өнері бұйымдарының көрмесі, жас таланттар – домбыра шебері Есенғали Құмаров пен Словакия филармониясының солисі, скрипкашы Лейла Ахметованың өнер көрсетуі өтті.