
БРАТИСЛАВА, 2022 жылғы 9 қараша – ҚР Елшісі Төлежан Барлыбаев Словакия Ұлттық Радасының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Мариан Керимен кездесті.
Әңгіме барысында дипломат комитет басшысын Әділетті Қазақстан құрылысы аясындағы ауқымды саяси реформалардың жүзеге асырылып жатқаны туралы хабардар етті. Маусымдағы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның тарихи маңызына, оның нәтижесінде Қазақстан парламенті билік өкілеттіктерін қайта бөлу, парламентаризмді нығайту және Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша бірқатар маңызды заңдар қабылданғанына ерекше көңіл аударылды. Заң үстемдігін қамтамасыз ету саласында Қазақстан басшылығының Конституциялық Сот құру, өлім жазасын жою жөніндегі бастамалары және жалпы ҚР сот жүйесін ізгілендіру шеңберінде қаңтардағы оқиғалардың бір жарым мыңға жуық қатысушыларына рақымшылық жасалғаны атап өтілді.
Сондай-ақ Елші Президент сайлауына дайындық барысына тоқталып, Қазақстандағы сайлау науқаны халықаралық құқық нормаларына толықтай сәйкес жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. Жаһандық сілкіністерге қарамастан, Қазақстанның белсенді және салмақты сыртқы саясат жүргізіп, саяси жаңғыру және әлеуметтік-экономикалық реформалар жолымен сенімді түрде жүріп жатқаны атап өтілді.
«Словакия – Қазақстан» парламенттік достық тобының мүшесі, өткен жылы Астанаға екі рет келген Халықаралық істер комитетінің төрағасы М.Кери ҚР басшылығы жүргізіп отырған кешенді мемлекеттік реформалар курсын жоғары бағалады. Ол Президент өкілеттігін бір мерзіммен шектеу және Парламент рөлін күшейту жөніндегі бастамаларды, сондай-ақ Қазақстанның адам құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілік және адами капиталды дамыту саласындағы практикалық шараларын құптады.
Дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңында тараптар Қазақстан-Словакия ынтымақтастығының серпінді, қарышты дамуын атап өтті. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі екіжақты үкіметаралық комиссия жұмысының маңыздылығы ерекше атап өтілді. Парламентаралық диалогты қолдау және екі ел парламенттерінің парламентаралық, ведомствоаралық және өңіраралық байланыстарды, іскерлік, мәдени және білім беру саласындағы алмасуларды кеңейтуге қолғабыс көрсетуі туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.