Словак парламентарийлері Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Словак парламентарийлері Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

БРАТИСЛАВА, 2020 ж. 18 ақпан – Словак парламентарийлері 29 ақпанда елде өтетін жалпы сайлаудан кейін де Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Бұл туралы бүгін Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенконың Словакия Ұлттық Кеңесі Конституция және заңнамалық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Роберт Мадеймен және Еуропалық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Лубош Благоймен кездесуінде айтылды.

Сұхбаттасушылар екі ел парламентарийлерінің соңғы жылдардағы өзара әрекеттестігінің, соның ішінде сапарлармен және заңнамалық жұмыс тәжірибесімен алмасудың серпінді сипатын атап өтіп, осындай байланыстарды келешекте нығайтуға қызығушылық білдірді.

Словак заң шығарушылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар бағдарламасымен мұқият танысып, аталған реформалардың халықтың өмір деңгейін бірізді көтеруге, құқық үстемдігі және адам құқықтарын қорғау қағидаттарын нығайтуға ерекше көңіл бөлетінін жоғары бағалады.

Сұхбаттасушылар Қазақстанның Словакиядағы Елшілігінің ашылуының екі ел арасындағы қатынастардың бүкіл спектрін одан әрі дамытудағы позитивтік мәнін атап өтіп, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты және адами байланыстарды кеңейтудің ерекше маңыздылығы туралы пікірмен келісті. Осыған орай, словак заң шығарушылары ағымдағы жылы екі ірі мерейтойлық дата – әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын тойлау жоспарларымен таныстырылды.