Қазақстан Елшісі іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктерін орталық Словакия кәсіпкерлеріне таныстырды

Қазақстан Елшісі іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктерін орталық Словакия кәсіпкерлеріне таныстырды

ЗВОЛЕН, 7 ақпан – Қазақстанмен өзара тиімді іскерлік ынтымақтастық мүмкіндіктері 6-7 ақпанда өткен ҚР Словакиядағы Елшісі Роман Василенконың елдің орталық бөлігінің кәсіпкерлерімен кездесулерінің басты тақырыбы болды.

Зволен қаласында (Баньска-Быстрица өңірі) өткен кездесуге қорғаныс өнеркәсібі, ағаш өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, медицина және фармакология, ақпараттық технологиялар, мұнайсервис және консалтинг салаларында қызмет ететін ірі, орта және кіші компаниялардың басшылары қатысты.

Қазақстандық дипломат өз сөзінде жиналған қауымды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық курсы мен қоғамдық-саяси реформалары, еліміздің экономикалық және саяси дамуындағы жетістіктері, үкіметтің инвестициялық климатты одан әрі жақсарту жөніндегі шаралары, сондай-ақ «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ұсынатын мүмкіндіктер туралы ақпараттандырды. Көбісі жуырда үкіметаралық комиссияның 8-отырысы мен Сыртқы істер министрлігінде өткен іскерлік «дөңгелек үстелге» қатысу үшін Нұр-Сұлтанда болып қайтқан кәсіпкерлер еліміздің іскерлік топтарымен ынтымақтасуға деген зор қызығушылықтарын атап өтті.

Сапар аясында Елші өңірдің белгілі екі қала құраушы кәсіпорнына барып қайтты. Бұлар PPS Group металл құрастаралымдар зауыты мен Sonne Chrystal хрусталь өндіру зауыты. Бірінші компания 1955 жылдан бастап жұмыс істеген әскери техника шығаратын және жөндейтін құпия зауыттың негізінде құрылған. Ол Еуропадағы өз саласындағы ең ірі кәсіпорын болып табылады және халықаралық машина жасаушы және тау-кен компаниялары үшін ірі габаритті құрылымдар шығарады. Тарихы 1836 жылдан бастау алатын Sonne Crystal компаниясы нарықта өзін hand-made (қолдан жасалған) хрусталь бұйымдарының кең ассортиментін өндіретін компания ретінде көрсетіп келеді. Екі компанияның басшылары, атап айтқанда PPS Group Директорлар кеңесінің төрағасы Даниэль Футей мен Sonne Chrystal бас директоры Андрей Трчан қазақстандық әріптестермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.

Өңірлік сапар барысында қазақстандық делегацияның Баньска-Быстрица өңірі губернаторының орынбасары Роман Малатинецпен және Детва қаласының мэры Ян Шуфлиарскимен кездесулері болып өтті.

Тиісті қазақстандық өңірлермен және құрылымдармен экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық орнату және тәжірибе алмасу келешегі талқыланды. Мұндағы қызық жайт, PPS Group зауытының маңында орналасқан он бес мың халқы бар Детва қаласы моноқалалардың әдеттегі проблемаларын кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту және туристік әлеуетті ашу арқылы айтарлықтай табысты шешуде. Мұнда жыл сайын Еуропадағы ең ірі фольклор фестивалдерінің бірі өткізіледі, оған әлемнің түкпір-түкпірінен 2000 орындаушы және 50 000 көрермен қатысады.

Қазақстан Елшісінің Словакияның орталық бөлігінде орналасқан және өзінің өнеркәсіптік, ауыл шруашылық және туристік әлеуетімен танымал Баньска-Быстрица өңіріне сапары Словакия Сыртқы істер министрлігінің және SARIO Инвестициялар және сауданы дамыту агенттігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Сапарға Словакия СІМ-нің экономикалық дипломатия жөніндегі бас директоры Душан Матулай және департамент директоры Виктор Борецки қатысты.