
БРАТИСЛАВА, 2020 жылғы 30 қаңтар – Словак Республикасы Ғылым Академиясының Орталық кітапханасында Абай туындыларының және оның өмірі мен шығармашылығына арналған 40 басылымын салтанатты түрде сыйға беру рәсімі болып өтті.
Словакия жұртшылығын қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың шығармашылығымен таныстыру мақсатында Братиславаға Қазақстан шығармашылық зиялыларының уәкілетті делегациясы, соның ішінде көрнекті мәдениет қайраткерлері - Жазушылар одағының Басқарма Басшысы Ұлықбек Есдәулет, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Ұлттық академиялық кітапхананың директоры Үмітхан Мұңалбаева және басқалары келіп кетті.
Іс-шараға Словакия мемлекеттік және академиялық шеңбер өкілдері, соның ішінде Білім, ғылым, зерттеулер және спорт министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Ольга Нахтманова, Словакия Ғылым академиясы Президиумының мүшесі Юрай Марушяк, ғалым, қоғам қайраткері, Словакияның Қазақстандағы бұрынғы елшісі Душан Подгорски, Философия институтының директоры Рихард Стяхель және т.б. қатысты. Іс-шараны 2013-2018 жж. Словакияның Қазақстандағы Елшісі Петер Юза жүргізді.
Іс-шара 2020 жылы философ, композитор, саяси қайраткер, ақын, ағартушы, аудармашы, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы және оның алғашқы классигі, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор Абай Құнанбаевтың (1845-1904) 175 жылдығын тойлау аясында өтті.
Сонымен қатар, салтанатты шарадан кейінгі «дөңгелек үстелде» қазақстандық жұртшылық өкілдері Абайдың жастарды адалдық пен әділдік қағидаларын басшылыққа алып өмір сүруге, халқына қызмет етуге, білімге талпынуға шабыттандыратын әдеби-пәлсапалық шығармашылығымен таныстырды.
Ұ. Есдәулет және К. Матыжанов қатысушыларды Абай лирикасымен таныстырды, онда ұлы гуманист көрнекті Шығыс және Батыс философтарымен сұхбат жүргізіп, ғаламның шынайы құндылықтары мен даналығын түсінуге, ойлау қабілетінің кертартпалық тоқырауын жеңуге тырысады. Олар Абай ақиқатты қажымай іздеу бейнесіп екенін, ал Абай жолы әлемдегі әркімнің адамгершілік тұтастығы мен жеке жауапкершілігін іздестіру жолы екенін айтты. Ү.Мұңалбаева сыйға тартылған Абай кітаптарының Словак Республикасында ақын мұрасының зерттелуіне, елдеріміз арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Словак қатысушылары Абай шығармаларының өзектілігін жоғалтпайтын маңыздылығын атап өтті. Олар Абайдың тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл адамзат үшін маңызы бар шығармаларында моральдық, әлеуметтік мәселелерді көтергенін атап өтті. Д. Подгорский «Қара сөздердің» ауқымдылығын және мәңгілік құндылығын бағалап, әсіресе Абайдың мінезін шыңдаған Абайдың өмір жолына тоқталды. О.Нахтманованың пікірінше, Абай шығармашылығы оның бекерге «қазақстандық ой алыбы» болып саналмайтынын дәлелдейді, оның дана сөздерінің өшпес өзектілігі кездейсоқ емес, ал мұрасы қазақ халқының жадында мәңгі сақталады.
Өз сөзінде Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенко «Абай – қазақ халқының өзіндік сәйкестендіру коды. Оның «Қара сөздері» 100 жылдан астам уақыт бойына ұлттық сананы анықтайтын бағдарға айналды», деп ерекше атап өтті. Ол Кітапхана қорының Абай кітаптарымен толтырылуы словак жұртшылығына қазақ халқы туралы көбірек білуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді және бұл шара «жаңа елшілік осы жылы біздің елдерімізді барлық жағынан жақындастыру мақсатында жоспарлаған іс-шаралар тізбегінің алғашқы жаршысы» деп атап өтті.
Іс-шараны дайындап өткізуге Словакияның әр түрлі қалаларынан қашықтыққа және оқу жүктемелеріне қарамастан келген қазақстандық студенттер зор көмек көрсетті. Абай «Қара сөздерінің» бірін Оразали Ерланұлы өз аудармасында словак тілінде көркемдеп оқып, аудитория қошеметіне бөленді. Аманжол Айқын мен Мәди Ортбаев домбырамен «Әлқисса» және «Ерке сылқым» күйлерін орындады.