
БРАТИСЛАВА, 2021 жылғы 23 желтоқсан – Бүгін Қазақстанның Братиславадағы Елшісі Роман Василенко Словак Республикасының Қазақстан Республикасындағы бірінші Елшісі Душан Подгорскийге «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелі медалін табыстады. Елші Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел басшылығының атынан 2005-2011 жылдары біздің елімізде екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берген мазмұнды және жемісті жұмысы үшін алғыс білдірді.
Елшінің белсенді қатысуымен экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-словакия үкіметаралық комиссиясы құрылды. Оның күш-жігерінің арқасында екі жақты тауар айналымының көлемі бірнеше есе өсті, ал Қазақстан мұнайы Словакияға «Дружба» құбыры арқылы жеткізілді. Елші жасыл энергетика қағидаттарын белсенді түрде алға тартып, ҚР-дың жаңартылатын энергетика туралы заң жобасын дайындауға қатысып, сондай-ақ Қазақстанда, атап айтқанда, сол кездегі Астанадағы диагностикалық орталықта ядролық медицинаның дамуына ықпал етті. Оның күш-жігерінің арқасында 35 қазақстандық дәрігер Братиславада қатерлі ісікті ерте кезеңде диагностикалауға мүмкіндік беретін позитронды-эмиссиялық томографпен жұмыс істеу бойынша оқудан өтті.
Жеке бастамасы бойынша және сол кезде елші қызметінен кеткен Д. Подгорскийдің көп жылдық күш-жігерінің арқасында Қарағанды облысының Саран қаласында қуаты 100 мегаватт болатын екінші күн электр станциясы салынды. Осы электр станциясын іске қосу баламалы энергия үлесін арттыру бойынша стратегиялық жоспарлардың орындалуын қамтамасыз етті.
Д. Подгорский Қазақстандағы жұмыс, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесулер туралы, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан көптеген қазақстандықтармен достық қарым-қатынастар туралы естеліктерімен үлкен сүйіспеншілікпен бөлісті. Ол біздің Астанамызда Словакия елшілігін қалай құрғанын, оның бастапқы кезеңінде үш қызметкер – Елші, хатшы және жүргізуші – «таңертеңнен кешке дейін аптасына жеті күн, оның ішінде дүйсенбіден жұмаға дейін дипломат ретінде және белгілі ғалым, радиолокациялық және спутниктік метеорологияның негізін қалаушы және Словакия мемстандартының бұрынғы төрағасы болған ол жұмадан жексенбіге дейін Қазақстанның алты жоғары оқу орнында педагог ретінде дәріс оқып жұмыс істегені туралы айтып берді.
Д. Подгорский Қазақстанда жұмыс істеген жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Словакияға және СР Президенті И. Гашпаровичтің Қазақстанға нәтижелі сапарлары өтіп, жеті үкіметаралық келісімге қол қойылып, сондай-ақ екі елдің университеттері арасындағы ынтымақтастық туралы он келісімдер жасалып, қазақстандық төрт университеттің Д. Подгорскийге құрметті доктор атағын беруі кездейсоқ емес.
Д. Подгорский қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесіне жоғары баға бергені үшін шынайы ризашылығын білдіріп, Қазақстан халқы мен басшылығын Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтады. Ол Словакиямен ынтымақтастықтың зор әлеуетіне тоқталып, екі ел арасындағы жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруда алдағы уақытта да жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазақстанда көпшілік экс-елшіні өзінің білімі мен тәжірибесімен бөлісуге және Қазақстан Республикасы мен Словак Республикасы арасындағы достық өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға үлес қосуға дайын екендігімен еске алады. Қазіргі уақытта Словакия ғылым академиясының құрметті мүшесі болып табылатын профессор Д. Подгорский өзінің үлкен жасына қарамастан жұмысын жалғастыруда.