Қалдықтарды кәдеге жарату − жасыл экономикаға көшудің маңызды компоненті

Қалдықтарды кәдеге жарату − жасыл экономикаға көшудің маңызды компоненті

ШУРАНЫ, 2021 жылғы 7 шілде – Бүгін Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Роман Василенко Шураны қаласында (Нитра аймағы) орналасқан 30 жылдан астам уақыттан бері қатты тұрмыстық қалдықтарды жою технологиялары мен құрылғыларын сатумен айналысатын Kuruc s.r.o. компаниясына іс-сапармен барды.

Компания − тетрапакеттер, целлофан, қағаз тәрізді қалдықтарды жылу және дыбыс оқшаулау үшін пайдаланылатын немесе типтік үйлердің өндірісіндегі әртүрлі профильдегі бұйымдарға, яғни тақтайларға, панельдерге және тағы басқаларға қайта өңдеуге мүмкіндік беретін өзіндік дизайн бойынша өндірістік желілерді жасап шығарады. Қалдықтарды қайта өңдеу желілерін де, дайын өнімді де жеткізетін компанияның клиенттері − Еуропа, Америка және Азиядағы құрылыс және қалдықтарды қайта өңдеу компаниялары.

Р. Василенконың компания басшысы Франтишек Куруцпен кездесуі барысында сұхбаттасушылар қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу проблемасы бүкіл әлемде де, Словакия мен Қазақстан үшін де өте өзекті екенін атап өтті. Бір күн бұрын жарияланған ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, былтыр Словакияның әрбір азаматы орта есеппен 446 кг қалдық тастаған, оның үштен бірінен азы кәдеге жаратылған. Жалпы алғанда, 2020 жылы СР-дағы үй шаруашылықтары 2,43 миллион тонна тұрмыстық қалдықтар шығарды. «Kuruc» компаниясының бір өндірістік желісі жылына 3 000 тоннаға дейін тетрапакеттерді өңдеуге қауқарлы (Словакияда жылына шамамен 15 000-16 000 тонна осындай қалдықтар жиналады).

Өз кезегінде Р. Василенко сұхбаттасушыға Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғаудың жай-күйі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел үкіметінің қоршаған ортаны қорғауды күшейту және энергияны үнемдейтін және жауапты экономиканы дамытудағы күш-жігері туралы хабардар етті. Жаңа Экологиялық кодекске және «жасыл» экономикаға көшу тұжырымдамасын іске асыруға ерекше назар аударылды. Жиналған және жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтар проблемасын шешу мемлекеттің экологиялық саясатының маңызды басымдықтарының бірі екендігі атап өтілді.

Кездесу және іс-сапар барысының қорытындысы бойынша Қазақстанның тиісті құрылымдарымен өзара тиімді ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жеткізілді. Осы орайда маңызды мүмкіндіктерінің бірі − биылғы жылдың 7-9 қыркүйектегі Алматыда болатын кезекті жыл сайынғы KazBuild көрмесіне Kuruc компаниясының қатысуға ниет білдіргені.