Президент Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде сөз сөйледі

2026 жылғы 16 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереван қаласында өткен COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитіне қатысты.

Саммитке қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысы табиғатты сақтау жөніндегі халықаралық күш-жігерді үйлестіру және келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстанның бірегей биоалуантүрлілікке ие екенін атап өтті. Президент табиғатты сақтау мен жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру қағидаттары еліміздің жаңа Конституциясында көрініс тапқанын айтты. Осы тұрғыда азаматтардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға ықпал етіп, жалпыұлттық идеологияның маңызды бөлігіне айналып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның сирек кездесетін жануарлар түрлерінің популяциясын қалпына келтіру бағытындағы жетістіктеріне тоқталды. Атап айтқанда, киік популяциясын қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелерін атап өтті. 2026 жылғы маусымда Ресейдің, БҰҰ Даму бағдарламасының, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) және басқа да халықаралық серіктестердің қолдауымен соңғы 70 жылда алғаш рет Тұран жолбарысы Қазақстанның табиғи ортасына жіберілді. Қорғау шараларын күшейту және ғылыми мониторинг жүргізу нәтижесінде қар барысының популяциясы 1990 жылдардағы сындарлы деңгейден 190 басқа дейін өсті. Сонымен қатар чех, неміс және мажар серіктестермен бірлесіп, Пржевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысы экожүйелерді қорғау бағытында бірқатар жаһандық және өңірлік бастамаларды ұсынды:

1. Халықаралық сирек түрлерді қорғау және биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі қор құру;

2. Су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру. Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынған болатын. Бұл бастама Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіруге және оған мүдделі барлық мемлекеттердің қатысуына мүмкіндік береді.

3. Биоалуантүрлілік жөніндегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматы қаласында орналастыруды ұсынды. Бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне Биоалуантүрлілік жөніндегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдарламасын іске асыруда қолдау көрсетуге ықпал етеді.

4. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, биоалуантүрлілік деректерін талдау, алдын ала ескерту жүйелерін әзірлеу, сала мамандарын даярлау платформасы ретінде пайдалануды ұсынды.

5. Каспий теңізін сақтау: Президент Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты Арал теңізінің тағдырын қайталауға жол бермеу үшін күш жұмылдыруға шақырды. Теңіз маңындағы бес мемлекеттің қолдауымен Қазақстан Каспий теңізінің су ресурстарын сақтауға бағытталған халықаралық бағдарлама қабылдау бастамасын көтеріп отыр.

COP17 аясындағы Биоалуантүрлілікті сақтау бойынша көшбасшылар саммитінде Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Иран Президенті Масуд Пезешкиан, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Анани, Занзибар Президенті Хусейн Али Мвиньи және басқа да ресми тұлғалар сөз сөйледі.