
2026 жылғы 15 қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанның Баку қаласында өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитіне қатысты.
Мемлекет басшысы өз сөзінде АӨСШК-ні институционалдық тұрғыдан нығайтуға, көлік-энергетикалық дәліздерді дамытуға, цифрлық трансформацияны ілгерілетуге және жаһандық экологиялық сын-қатерлерді шешуге бағытталған бірқатар бастаманы ұсынды.
Ұйымның институционалдық дамуы мәселесіне тоқтала отырып, Президент АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру үдерісін түпкілікті аяқтау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Кеңестің Жарғысы жақын арада қабылданады деген үмітін білдірді.
Саяси декларациялардан нақты нәтижелерге көшу мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-нің Превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды. Бұл тетік қақтығыстардың алдын алуға, дағдарыстар туындамай тұрып бейбітшілікті нығайтуға және қатысушы мемлекеттердің шешім қабылдау үдерісіне жүйелі түрде қатысуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Лаостың АӨСШК-ге толыққанды қатысушы мемлекет ретінде қосылуын құптап, Кеңестің БҰҰ, ШЫҰ, ТМД және басқа да халықаралық институттармен өзара іс-қимылын нығайту арқылы Азиядағы және одан тыс өңірлердегі қайшылықтарды еңсерудегі рөлін арттыруға шақырды.
Президент жасанды интеллект мәселелеріне де ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні АӨСШК аясындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарының қатарына қосуды ұсынды. Сондай-ақ, АӨСШК қолда бар бес өлшемді алтыншы, жасанды интеллектімен толықтыру қажеттігін атап өтті. Бұл бастама жаңа технологиялардың тәуекелдерін бірлесіп бақылауға және цифрлық кеңістіктегі сенім шараларын дамытуға бағытталған.
Осы орайда Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО тұрақты даму мақсаттары үшін Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы орналастыратынын атап өтіп, серіктестерді оның жұмысына атсалысуға шақырды.
Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі жобасының стратегиялық маңызы атап өтілді. Каспий теңізінің табаны арқылы өтетін бұл желі Еуразия кеңістігінде деректер алмасуды жеделдетіп, оның қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев АӨСШК-нің көлік байланысы стратегиясын бірлесе әзірлеуді ұсынды. Бұл құжат өңірдегі негізгі халықаралық көлік бағыттарының әлеуетін зерделеуге мүмкіндік береді. Олардың қатарында «Бір белдеу, бір жол» бастамасы, «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі, Орта дәліз және TRIPP бастамасы бар.
Энергетика мәселесіне тоқтала отырып, Президент Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан арасындағы жасыл энергия жеткізуді дамыту жөніндегі ынтымақтастықты атап өтті. Бұл стратегиялық әріптестік үш елдің энергетикалық жүйелерін өзара байланыстыруды және Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуды көздейтін Каспий жасыл энергетикалық дәлізін құруға негіз қалайды. Сонымен қатар Қазақстанның Әзербайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы қазақстандық мұнайды тасымалдау көлемін кезең-кезеңімен арттыруға дайындығы расталды.
Су ресурстары, экология және адами капитал саласындағы ынтымақтастық мәселелері де сөздің маңызды бөлігіне айналды. Тұщы су тапшылығы мен экожүйелердің тозуы жағдайында Мемлекет басшысы технологиялар алмасуды дамытуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және су үнемдейтін шешімдерді енгізуге бағытталған АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынды. Сонымен қатар ол Орталық Азия елдері мен Әзербайжанды БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстанның бастамасын жаһандық деңгейде бірлесіп ілгерілетуге шақырды.
Сонымен қатар Президент АӨСШК-нің адами капитал жөніндегі серіктестігін құруға дайын екенін мәлімдеді. Қазақстан қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми зерттеуге арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылуы ықтимал. Бағдарлама аясында ұйымға мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы ұсынуға, сондай-ақ ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге көзделген.
Қазақстан Президенті сөз соңында Әзербайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығын табысты жалғастыруына тілектес екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.