Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

31 тамыз – 1 қыркүйек күндері Бішкек қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті. 25 жылдық мерейтойға арналған жоғары деңгейдегі кездесу «ШЫҰ-ға 25 жыл: орнықты бейбітшілікке, дамуға және өркендеуге бірге» ұранмен ұйымдастырылды. 

Ширек ғасыр ішінде Ұйым «Шанхай бестігінен» Еуразиядағы көпжақты ынтымақтастықтың ірі алаңдарының біріне дейінгі ұзақ жолдан өтті. Бүгінде ШЫҰ әлем халқының жартысына жуығын біріктіріп отыр. Ұйымның қызмет аясы да жыл санап кеңейіп келеді. Қауіпсіздік мәселелерімен қатар, экономикалық даму, көлік қатынасын жетілдіру, энергетика, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық та күн тәртібінен маңызды орын алуда.

Саммит барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар басым бағыттарға тоқталды:

– өзара сенімді нығайту және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту. «ШЫҰ әскери-саяси блоктарға тән ұстаныммен әрекет етпейді және ешбір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйымның негізінде мүлде басқа саяси ұстаным – өзара түсіністік пен бірлескен даму қағидаттарына сүйенетін «шанхай рухы» жатыр. Біздің басты мақсатымыз – қуатты әрі өркендеген ШЫҰ қауымдастығын қалыптастыру», – деді Президент. Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше елдердің стратегиялық тұрақтылық пен Еуразия құрлығындағы сенім шараларына арналған министрлер конференциясын өткізуді ұсынды. Жиын барысында әскери қатерлерді азайту, жаңа қарулану жарысына жол бермеу және қауіпті жағдайлардың алдын алу тетіктері талқыланбақ.

– сауда және инвестиция саласындағы кедергілерді барынша азайту, цифрлық рәсімдерді енгізу және дамыған көлік-логистикалық байланыстарды қалыптастыру арқылы ШЫҰ-ның кең ауқымды сауда-инвестициялық кеңістігін құру. Президент ШЫҰ-ның ішкі нарығының әлеуетін тиімдірек пайдалануға шақырды. Осы мақсатта қолданыстағы шекара маңы ынтымақтастығы орталықтарының негізінде трансшекаралық сауда аймақтарын құруды ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай аймақтар сауда рәсімдерін жеңілдетудің, цифрландырудың және заманауи төлем тетіктерін енгізудің жаңа тәсілдерін сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін алаңға айналуы мүмкін.

– ШЫҰ Даму банкін құру. Қазақстан оның қаражатын инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларды қаржыландыруға бағыттауды ұсынады. Ұйымға мүше мемлекеттер арасында ортақ пікір қалыптасқан жағдайда, Астана аталған институттың штаб-пәтерін Қазақстанда орналастыру мүмкіндігін қарастыруға дайын.

– Еуразияның заманауи көлік-логистикалық қаңқасын қалыптастыру жұмыстарын жеделдету. Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін, сондай-ақ Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы перспективалы сауда бағыттарын өзара байланыстыруға ерекше мән береді. Мемлекет басшысы ШЫҰ аясында жүк жөнелтілген жерден бастап соңғы алушыға дейін оның қозғалысын кедергісіз бақылап, сүйемелдеуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық транзит платформасын құруды ұсынды. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі Шанхай ынтымақтастық ұйымының көлік байланыстылығын дамыту стратегиясын әзірлеу жөнінде бастама көтерді. 

– жасанды интеллектінің өзіндік экожүйесін қалыптастыра отырып, жаңа технологиялық құрылымға көшу. Қазақстан ШЫҰ аясында Ұйымға мүше мемлекеттердің жетекші университеттері, ғылыми-зерттеу мекемелері мен технологиялық компанияларының қатысуымен жасанды интеллект орталықтарының желісін құруды ұсынды.

– ШЫҰ-ның Су проблемаларын талдау орталығын құру. Президенттің пікірінше, жаһандық су ресурстарын басқару ісі әлі де болса бытыраңқы сипатта қалып отыр. БҰҰ-ның ондаған құрылымы су мәселелерімен айналысқанымен, осы салаға қатысты мәселелерді кешенді түрде қамтитын әмбебап үкіметаралық ұйым әзірге жоқ. Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ қамқорлығымен Халықаралық су ұйымын құру туралы бастамасын еске салды. Мұндай ұйым мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіруге, тұрақты үкіметаралық диалогты қамтамасыз етуге, ресурстарды жұмылдыруға және өзара келісілген шешімдер әзірлеуге мүмкіндік берер еді.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің «ШЫҰ плюс» форматындағы отырысында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баршаға ортақ стратегиялық міндетке тоқталды. Ол – күш қолдану мен текетіреске негізделген ұстанымдардан өзара жауапкершілікке, бірлескен дамуға және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа негізделген әлемдік тәртіпке көшу. «ШЫҰ-ның көпжылдық тәжірибесі «шанхай рухының» халықаралық аренадағы өзара іс-қимылдың озық үлгісі екенін айқын көрсетіп отыр. Ұйымымыздың қызметіне негіз болған теңдік пен консенсус қағидаттары көпжақты ынтымақтастық пен шынайы көпжақтылықты табысты дамытудың «алтын стандартына» айналды деуге толық негіз бар. Сондықтан ШЫҰ-ның негізгі қағидаттарын БҰҰ Бас Ассамблеясының Халықаралық көпжақтылық және бейбітшілік жолындағы дипломатия күніне арналған арнайы қарарында бекітуді ұсынамын», – деді Мемлекет басшысы.

Саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясын қабылдап, ынтымақтастықтың түрлі бағыттарын қамтитын 28 құжатқа қол қойды. Олардың қатарында ШЫҰ аясында деректерді өңдеудің өңірлік орталықтарын, есептеу инфрақұрылымын және жасанды интеллект индустриясын дамыту тұжырымдамасы, сондай-ақ 2026-2030 жылдарға арналған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің порттары мен логистикалық орталықтарын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары бар. Сонымен қатар қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейту мақсатында, Қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы іс-қимылдың әмбебап орталығы және Есірткіге қарсы іс-қимыл орталығының Атқарушы комитеті құрылды.