Қиын жағдайлар деп осындай оқиғалар түсініледі:
форс-мажорлық ахуалдарға орай пайда болған жағдайлар (еңсерілмейтін күш, яғни осы жағдайлар кезінде төтенше және алдын алуға болмайтын мән-жайлар, оның ішінде болу мемлекетіндегі дүлей құбылыстар, әскери іс-қимылдар, төтенше жағдай);
Қазақстан Республикасының азаматтарын шет мемлекетке заңсыз әкелу;
Қазақстан Республикасына қарсы бағытталған құқыққа қайшы іс-әрекеттер;
Қазақстан Республикасының азаматтары шетелде осы Қағидалардың 10-тармағының 5) тармақшасында көзделгеннен тыс жағдайларда қайтыс болса.
Қаржылық көмек түрлеріне төмендегідей шығыстар жатады:
шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына дейінгі көлік шығыстарын төлеу (экономкласты әуе билетінің құнынан аспайды);
бір жолғы материалдық көмек:
тамақтану (Қазақстан Республикасының азаматына күніне 80 (сексен) АҚШ долларына баламалы сомадан аспайды) 3 (үш) тәуліктен артық емес;
тұру (күніне 100 (жүз) АҚШ долларына баламалы сомадан аспайды) 3 (үш) тәуліктен артық емес;
бірінші қажеттіліктегі заттар болмаған жағдайда оларды сатып алу (280 (екі жүз сексен) АҚШ долларына баламалы сомадан аспайды);
жүкті жөнелту, Қазақстан Республикасының қайтыс болған азаматының денесін (қайтыс болғандардың күлі салынған cауыттар мен табыттарды) Қазақстан Республикасына тасымалдау, бальзамдау, мәйітханада денені сақтау, болу мемлекетінде жерлеу немесе кремациялау жөніндегі қызметтерге ақы төлеуді қамтиды.
Қаржылық көмек көрсету қиын жағдайда қалған Қазақстан Республикасының азаматы ақша қаражатын пайдаланбаған немесе пайдалана алмаған жағдайда осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
Шет елдегі мекеме келесі негіздер бойынша қаржылық көмек көрсетуден бас тартады:
өтініш берушінің көрінеу жалған мәліметтерді хабарлауы және (немесе) өтініш берушінің қаржылық көмекке жүгіну мән-жайларына қатысы бар құжаттарды ұсынбауы;
Қазақстан Республикасы азаматының болу мемлекетінің заңнамасын бұзған себебінен туындаған қиын жағдайды құжатпен растайтын фактілерінің бар болуы;
Қазақстан Республикасы азаматының кінәсінен (оның ішінде алкогольдік немесе есірткілік масаң күйінде) болған оқиғалар;
Қазақстан Республикасы азаматының эвтаназия немесе суицид салдарынан қайтыс болуы;
медициналық сақтандырудың және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматын шақырған адамның немесе ұйымның оның осы мемлекетте болуына, оның ішінде болу мемлекетінде қайтыс болуына байланысты шығыстарды өтеу жөніндегі міндеттемелерінің болуы.