2026 жылғы 10 тамызда Бішкектегі Театр саябағында қазақтың ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына және Абай күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара Абай Құнанбайұлының ескерткіші жанындағы алаңда ұйымдастырылды. Оған Қырғызстанның мемлекеттік және қоғамдық ортасының өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қазақ диаспорасы, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, студенттер мен Абай шығармашылығын құрметтеушілер қатысты.
Жиналғандарға Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбілқайыр Сқақов құттықтау сөз сөйледі.
Ол қонақтарға іс-шараға қатысқаны, ұлы ойшылдың мұрасына көңіл бөлгені және қазақ пен қырғыз халықтары арасындағы мәдени әрі рухани байланыстарды нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Елші Абай шығармашылығы білімге, әділеттілікке, адал еңбекке және адамгершілік тұрғыдан кемелденуге деген ұмтылыстың символына айналғанын атап өтті.
«Абайдың философиялық идеялары бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның өлеңдері мен «Қара сөздері» жастарды ойлануға, дамуға, еңбекті құрметтеуге және өз елінің болашағы үшін жауапкершілікті сезінуге үйретеді», - деді Әбілқайыр Сқақов.
Ол өз сөзінде Абай мұрасының Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық пен мәдени ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне ерекше назар аударды.
Оның айтуынша, ұлы ақынның ескерткішінің Бішкекте, бауырлас қырғыз жерінде орнатылуының терең символдық мәні бар. Екі мемлекеттің басшыларының бастамасымен бой көтерген монумент Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы терең тарихи және мәдени байланыстардың жарқын көрінісіне айналды. Екі халықты ортақ дәстүрлер, рухани құндылықтар және ғасырлар бойғы достық біріктіреді.
«Бүгінгі іс-шара - Абай рухына тағзым ету ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы берік достықтың, өзара құрмет пен жемісті мәдени ынтымақтастықтың айғағы. Ұлы ойшылдың дана мұрасы жастарды одан әрі шабыттандырып, келер ұрпақ үшін адамгершілік бағдар болып, елдеріміз арасындағы достықтың нығаюына қызмет ете берсін», - деді Елші.
Іс-шара аясында саясаттанушы әрі мемлекеттік басқару саласының сарапшысы Шерадил Бақтығұлов та сөз сөйледі.
7-сынып оқушысы Альбина Бауыржанқызы Абайдың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» өлеңін оқыды.
Бағдарламаның музыкалық бөлігін Қырғызстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қазақ мәдени орталығының фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі Нұрлан Әбдіралиев жалғастырды. Ол домбырамен «Көзімнің қарасы» және «Күміс құмған-ай» шығармаларын орындады.
Сондай-ақ қонақтар алдында Қордай аудандық Мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі К. Қожагазина өнер көрсетті.
Іс-шараның негізгі бөліктерінің бірі Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды. Қазақстан Республикасының Елшісі мен іс-шараға қатысушылардың атынан монументке гүл себеті қойылды.
Ресми рәсімнен кейін еркін микрофон ұйымдастырылды. Қоғам өкілдері, мәдениет қайраткерлері, іс-шара қонақтары және Абай шығармашылығын құрметтеушілер оның әдеби және философиялық мұрасының маңызы туралы ойларымен бөлісті.
Іс-шараға қатысушылар Абай Құнанбайұлының мұрасы Қазақстан мен Қырғызстан халықтарын біріктіретін, екі ел арасындағы мәдени диалогтың одан әрі дамуына ықпал ететін маңызды адамгершілік және рухани бағдар болып қала беретінін атап өтті.
Шолпан-Ата қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров ЕҮАК-ке мүше мемлекеттер делегацияларының басшыларымен ұжымдық кездесу өткізді.
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы ықыласы мен ізгі тілектерін жеткізді. Кезедсу барысында екі елдің көшбасшылары арасындағы сенімге құрылған саяси диалог пен өзара түсіністікке негізделген одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал етіп отырғаны атап өтілді. Кейінгі 5 жылда қазақ-қырғыз тауар айналымы 2 есеге артып, $2,2 млрд-ты құрады.
ЕҮАК-тің кеңейтілген құрамдағы отырысында Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығын одан әрі дамыту, салалық интеграцияны тереңдету, цифрлық өзара іс-қимылды кеңейту, қаржы-экономикалық тетіктерді жетілдіру және Одаққа мүше мемлекеттердің бірлескен жұмысын үйлестіру мәселелері қаралды. Еуразиялық экономикалық комиссияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, жүк теміржол тасымалдары мен көлік дәліздерін цифрландыру, электрондық сауда, климат саласындағы ынтымақтастық және өзге де бағыттар талқыланды.
Қазақстан Премьер-министрі Президенттің басшылығымен барлық мемлекетпен ашықтық пен сындарлы әріптестікке негізделген Әділетті әрі Озық Қазақстанды дамыту бағыты дәйекті түрде жұзеге асырылып жатқанын атап өтті. Еліміздің жаңа Конституциясында көзделген ауқымды институционалдық реформалар инвесторлардың сенімін нығайту, экономиканы жаңғырту және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейту үшін қолайлы жағдай қалыптастырады.
Олжас Бектенов қазіргі сыртқы сын-қатерлер жағдайында экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызы арта түскенін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылы ЕАЭО елдері ішіндегі тауар айналымы $95 млрд-ты құрады. Биыл бұл көрсеткіш 7,3%-ға өсіп, $102 млрд-қа дейін жетеді деп күтілуде.
ЕҮАК қызметінің басым бағыттары қатарына цифрлық сауда тетіктерін дамыту, ЕАЭО-ның интеграцияланған ақпараттық жүйесі аясында жасанды интеллект технологияларын енгізу, тамақ өнімдерінің мүше мемлекеттерге қолжетімділігін қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіру жатады.
Тамақ өнеркәсібі саласында Қазақстанның экспорттық әлеуеті артып келе жатқаны атап өтілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал және өсімдік тектес өнімдерді, сондай-ақ дайын азық-түлік тауарларын жеткізу көлемі шамамен $7 млрд-ты құрады. Биылғы қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша $3,6 млрд-қа жетті.
Сонымен қатар бизнес өкілдерінің серіктес мемлекеттер нарығына құс еті мен сүт өнімдерін жеткізу барысында туындайтын кедергілерге қатысты өтініштерін ескере отырып, қазақстандық тарап ЕАЭО міндеттемелерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында тамақ өнімдерінің Одаққа мүше елдер нарығына қол жеткізу жағдайына жүйелі түрде кешенді мониторинг жүргізудің орынды екенін атап өтті. Туындаған мәселелерді реттеуге дәйекті әрі объективті көзқарас, саудадағы кедергілерді жою жөніндегі шараларды уақтылы қабылдау өзара сауданың дамуына елеулі серпін береді.
Бұдан басқа, ұлттық экономикалардың орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі цифрландырудың маңыздылығы атап өтілді. Биыл мамыр айында Астанада мүше мемлекеттердің басшылары осы саладағы ынтымақтастықты нығайтуға және озық тәжірибелермен алмасуға бағытталған ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойған болатын. Қазақстанда цифрлық трансформация ел дамуының стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.
В городе Чолпон-Ате (Кыргызстан) под председательством
Шолпан-Ата қаласында (Қырғызстан) Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті.
Жиынға Армения, Беларусь премьер-министрлері, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы қатысты.
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары аймақтың макроэкономикалық тұрақтылығын сақтау және экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, өзара сауданы дамыту, Бірлестік елдері нарығындағы кедергілерді жою жөнінде міндеттер қойып отыр.

«Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етуі аясында біз жасанды интеллектіні дамытып, логистикалық хабтар құру, өнеркәсіп және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, кедергісіз сауданы қамтамасыз ету, сондай-ақ сыртқы серіктестермен жаһандық диалог құру бағытын дәйекті түрде қолдаймыз. Дәл осы ұстанымды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Одаққа мүше мемлекеттердің басшыларына жолдауында белгілеген болатын. Бүгінгі отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар ЕАЭО шеңберінде алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Шағын құрамдағы отырыста мүше мемлекеттердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуі және ЕАЭО-ның негізгі сауда әріптестерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды. Қатысушылар ЕАЭО мемлекеттері тауарларының жаңа нарықтарға шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде пікір алмасты.
Қазақстан Премьер-министрі биылғы мамыр айында Астанада өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында мемлекеттер басшылары қол қойған АӨК саласындағы қаржылық жәрдемдесудің жаңа тетігі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің оң серпінін қолдауға ғана емес, өзара сауданы дамытуға, бірлескен кооперациялық жобаларды ынталандыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
ЕҮАК отырысының жұмысы кеңейтілген құрамда жалғасады.


Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйледі.
Президент сөзінде еліміз цифрлық даму тұрғысынан стратегиялық таңдау жасағанына тоқталды.
– Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап тұр. Біз бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жатырмыз. Мұнда жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді. Былтырғы Жолдауымда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау да – осы стратегиялық бағдарды жүзеге асыруға бағытталған қадам. Бұдан бөлек, инновацияға иек артатын ел дамуының негізгі бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында анық көрсетілген. Бұл – барлық үдерістің басы ғана, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз сапалы білімге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударатынын айтты.
– Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша олимпиададан Қазақстан оқушылары үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Ел мерейін асыратын бұл жетістік жастарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетінің зор екенін көрсетеді. Орайлы сәтті пайдалана отырып, талантты өрендерімізге бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.
– Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп, осы маңызды шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.


Салтанатты рәсімде Sinovation Ventures және 01.ai компанияларының бас директоры Ли Кай Фу, Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада кеңесінің төрағасы Елена Маринова, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының президенті Бағдат Мусин, Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе және Freedom Holding Corp. компаниясының бас атқарушы директоры Тимур Турлов сөз сөйледі.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы халықаралық олимпиаданың құрылымымен, байқау тапсырмаларымен және автономды роботтың мүмкіндіктерімен танысты.
Астана қаласында 2-8 тамыз аралығында өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 106 елден келген 500-ден астам дарынды оқушы қатысуда. Олар ЖИ үлгілерін әзірлеу және автоматты роботтарды бағдарламалау сайыстарында бақ сынайды.









.jpg)

.jpg)
Президент «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екеніне тоқталып, бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.
– «Жол – тіршіліктің күретамыры». Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Жалпы, елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі жұмыс істей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Ең бастысы, осындай ауқымды жобаларды өз мамандарымыз жүзеге асырып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.
– Өткен жылы еліміздегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тонна болды. Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, біз автокөлік саласына ерекше назар аударып отырмыз. Соңғы жылдары Қазақстанда тас жолдарды түбегейлі жаңғырту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба табысты аяқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жылда автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жолмен күн сайын 35 мыңға жуық автокөлік жүреді. Өткен жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның 6 мың шақырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыс Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның әр аймағында автожолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.
– Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен «Жезқазған – Қарағанды» автожолын жөндеу жұмысы басталды. Сонымен қатар еліміз бойынша көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана, инженерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөзбен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналатын болды. Бұл мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолына түсіп, жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейнеу – Сексеуіл» бағытында 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталғанына тоқталып, бұл бағдарды халықаралық ауқымдағы автожол деп атады.
– Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жалпы ұзақтығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.
– Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады. Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндады. Бұдан бөлек Қызылорда облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Президентке өңір тұрғындарының ризашылығын жеткізді.


.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
.jpg)
Қырғызстан, Шолпан-Ата қаласы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Орталық Азия елдерінің басшылары чемпионатқа қатысушылармен әңгімелесіп, оларға сәттілік тіледі. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттеріне судағы жарыстарға арналған болид таныстырылды.
Бұдан соң Орталық Азия мемлекеттерінің көшбасшылары бір мезгілде символикалық тетікті басып, су-моторлы спорттан UIM F1H2O әлем чемпионатының «Қырғызстан Республикасы – Ыстықкөл 2026 гран-при» кезеңін ресми түрде ашты.
Жарыстарға БАӘ, Аустралия, Канада және басқа елдердің намысын қорғайтын 8 команда мен 18 спортшы қатысуда.
Қырғызстанда алғаш рет өткізіліп жатқан сайыс республика тарихындағы ең ірі халықаралық спорттық-мәдени іс-шара саналады.











Чолпон-Ата, 2026 жылғы 23 шілде - Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы аясында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Кошербаев Қытай Компартиясы Орталық Комитеті Саяси бюросының мүшесі, Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И, Пәкістан Ислам Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхак Дар және Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен екіжақты кездесулер өткізді.
Кездесулердің күн тәртібі стратегиялық серіктестікті нығайту мен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуден бастап өзекті халықаралық мәселелер бойынша тәсілдерді үйлестіруге дейінгі екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін қамтыды.
Ван Имен өткізілген келіссөздер барысында ерекше назар осы жылдың 15-17 шілдесінде Қытай Халық Республикасында (Шанхай қаласына) Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға Мемлекет басшысының жасаған жұмыс сапарының қорытындыларына, сондай-ақ жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға аударылды.
Мұхаммад Исхак Дармен кездесуде тараптар белсенді саяси диалог пен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың серпінді дамуын оң бағалады. Бірлескен жобаларды іске асыруға, көлік-логистикалық байланысты дамытуға және өзара тауар айналымын 1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайту мақсатына ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың су ресурстарын тұрақты басқару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған Халықаралық су ұйымын құру бастамасын қолдағаны үшін Пәкістанға алғысын білдірді.
Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен әңгіме барысында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Жоғары және биік деңгейдегі сапарлардың қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға ерекше назар аударылды.
Тараптар сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, ИЫҰ және АӨСШК шеңберінде одан әрі ынтымақтасуға, сондай-ақ халықаралық бастамаларды өзара қолдауға дайын екендіктерін растады.
2026 жылғы 24 шілде, Шолпан-Ата - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.
Делегациялар басшылары қазіргі халықаралық ахуал жағдайында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси үйлестіруін одан әрі тереңдету мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ 2026 жылғы 1 қыркүйекте Бішкек қаласында өтетін алдағы ШЫҰ саммитіне дайындық барысын талқылады.
Е.Көшербаев өз сөзінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту мен көпсалалы ынтымақтастықты дамытудағы ШЫҰ-ның ерекше рөлін атап өтіп, Қазақстанның Ұйым қызметін қолдауды өзгеріссіз жалғастыратынын растады.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы ШЫҰ-ны одан әрі жетілдіру және оның институттарын қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге бейімдеу қажеттілігіне ерекше назар аударды.
ҚР Сыртқы істер министрі халықаралық ахуалдың қарқынды өзгеруі жағдайында жаһандық экономиканың орнықтылығы мен халықаралық сауданың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері ерекше өзектілікке ие болып отырғанын атап өтті.
«Әскери сипатқа ұласып отырған геосаяси тұрақсыздық сауда қатынастарының орнықтылығына елеулі әсер етуде. Бүгінде жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі, оның ішінде Қазақстан үшін де, барған сайын өзекті бола түсуде. Бұған энергетикалық инфрақұрылымға және Қазақстан мұнайын тасымалдау үшін жалға алынған танкерлерге белгісіз ұшқышсыз жүйелердің шабуылдары дәлел. Осындай жағдайда сауда бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен күш-жігердің маңызы арта түседі», – деді Е.Көшербаев.
Бұған дейін мәлімделгендей, Қазақстан заңды халықаралық сауданы, жаһандық энергетикалық нарықтарды және халықаралық көлік-логистикалық жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігін тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекеттерді мүлдем жол беруге болмайтын іс-әрекет ретінде қарастырады.
ҚР министрі ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі ретінде климаттың өзгеруіне бейімделу және су ресурстарын ұтымды пайдалану салаларындағы бірлескен жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын және ШЫҰ-ның Су проблемаларын талдау орталығын құру жөніндегі бастамаларға мүше мемлекеттердің қолдау білдіретініне сенім білдірді.
Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ-ның тиімділігін арттыруға бағытталған негізгі құжаттардың жобалары, оның ішінде ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясы мақұлданды.
Іс-шара аясында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен ұжымдық кездесуі өтті.
Кездесу барысында ШЫҰ шеңберіндегі көпсалалы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттер халықтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асырудың маңыздылығы аталып өтті.
ҚР Сыртқы істер министрі Е.Көшербаев Қырғыз Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығын одан әрі қолдауға дайын екенін білдіріп, Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттермен өзара тиімді әрі сындарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейілдігін растады.
2026 жылғы 22 шілдеде Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әбілқайыр Сқақовтың Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Медер Абакировқа
Сенім грамоталарының көшірмелерін табыстау рәсімі өтті.
Кездесу барысында Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақовты Қырғыз Республикасындағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі дамытуға бағытталған қызметіне табыс тіледі.
Тараптар екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейін, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы дәстүрлі достық, тату көршілік және бауырластық қатынастарды қанағаттанушылықпен атап өтті.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.
Өңіраралық байланыстарды нығайтуға, өзара сауда көлемін арттыруға, бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар тараптар алдағы екіжақты іс-шаралар мен әртүрлі деңгейдегі өзара сапарларды ұйымдастыру мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу соңында Әбілқайыр Сқақов қырғыз тарапына жылы қабылдауы үшін алғыс білдіріп, дипломатиялық миссиясы барысында бауырлас екі мемлекет арасындағы қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге бар күш-жігерін жұмсайтынын атап өтті.
2026 жылғы 29 мамырда Чолпон-Ата қаласында Қырғыз Республикасының ШЫҰ-ға төрағалығы аясында және Ұйымның 25 жылдығына орай ұйымдастырылған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өңір басшыларының V форумы мен бауырлас қалалар кездесуі өз жұмысын аяқтады.
Іс-шараға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өңірлік органдарының, мемлекеттік мекемелерінің, бизнес қауымдастықтарының және халықаралық ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының өкілдері қатысты.
Қатысушылар сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, өнеркәсіп, туризм және гуманитарлық салалардағы өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, өңірлер арасындағы тікелей байланыстардың маңыздылығын атап өтті.
Форум қорытындысы бойынша бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Бішкек қаласы мен Чжэнчжоу қаласы, Нарын облысы мен Хэйлунцзян провинциясы, сондай-ақ Ыстықкөл облысының Түп ауданы мен Псков облысының Псков муниципалдық округі арасында бауырластық байланыстар орнату жөніндегі құжаттар рәсімделді. Сонымен қатар Қырғызстан мен Беларусьтің еркін экономикалық аймақтары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
Форум аясында отандық өнімдер көрмесі, B2B форматындағы кездесулер және логистика, көлік дәліздері, техникалық реттеу, халал индустриясы мен өңіраралық ынтымақтастық мәселелеріне арналған тақырыптық сессиялар өтті.
Қатысушылар форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, қол жеткізілген келісімдердің ШЫҰ кеңістігіндегі экономикалық және гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті.