
Берн, 2024 жылғы 18 желтоқсан - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының, Швейцария Федералдық Жиналысы қос палатасы өкілдерінің қатысуымен бейнеконференция форматында «Қазақстан – Швейцария» парламентаралық достық тобының отырысы өтті.
Отырыста сөз сөйлеген достық тобының тең төрағалары, Сенат депутаты Әли Бектаев пен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан Қазақстандағы заң шығармашылығының өзекті мәселелеріне назар аударып, ел басшылығының сыртқы саяси басымдықтарын іске асыру контекстіндегі халықаралық тректегі ҚР Парламентінің қызметі туралы айтты.
Қазақстандық парламентарийлері сауда-экономикалық, көлік-логистика, энергетика, білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы, ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын басқару мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, достық тобының тең төрағалары, Кантондар кеңесінің (жоғарғы палата) депутаты Йозеф Диттли және Ұлттық кеңестің (төменгі палата) депутаты Кристина Бадертшер, сондай-ақ Кантондар кеңесінің халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы Марко Кьеза кездесуде сөз сөйлеп, Швейцария мен Еуропадағы жағдайға өз көзқарастарымен бөлісті және аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін парламенттік көпжақты құрылымдарда іс-қимылдарды үйлестіру қажеттігін атап өтті.
Швейцария депутаттары Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жылы лебіздерін білдіріп, Конфедерацияның сыртқы саясаты үшін біздің елмен сындарлы серіктестікті дамытудың басымдығын баса айтты.
Тараптар парламентаралық байланыстарды кеңейту мүмкіндіктерін, парламентарийлердің өзара сапарларын ұйымдастыру мәселелерін қарастырып, екі елдің өзара іс-қимылын көпжақты платформалар, соның ішінде Парламентаралық одақ, Еуропа Кеңесі және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеялар аясында дамытуға дайын екендіктерін білдірді.