
Ватикан, 2024 жылғы 25 қараша – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дәурен Ахмет-Заки бастаған қазақ ғалымдар делегациясы Ватиканға барып, Ватикан архивтерінде сақталған бірегей тарихи материалдар негізінде түркі әлемінің, соның ішінде Алтын Орда дәуірінің тарихы мен мәдениетін зерттеуге кірісті. Қазақстандық делегация құрамында тарих, археология және деректану салаларының жетекші мамандары бар.
Ғылыми миссия Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы қаңтар айында Ватиканға жасаған алғашқы ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдер аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бұл жұмыс 2022 жылы Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватиканның Апостол кітапханасы және архиві арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы Меморандумды іске асыру мақсатында, ғылыми ынтымақтастық пен білім алмасуды дамытуға бағытталған.