Қазақстан мен Швейцария қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы келісімге қол жеткізді

Қазақстан мен Швейцария қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету және заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы келісімге қол жеткізді

2024 жылғы 5 қараша, Берн – Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов Берн қаласына (Швейцария) жасаған жұмыс сапары аясында Швейцарияның Бас прокуроры Штефан Блаттлермен және Швейцарияның Федералдық әділет офисі директорының орынбасары Лоренс Фонтана Юнгомен кездесулерді өткізді. Кездесулер барысында тараптар қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық ынтымақтастықты нығайту және заңсыз шығарылған активтерді қайтару тетіктерінің тиімділігін арттыру мәселелерін талқылады.

Қазақстанның қадағалау ведомствосының бастығы сұхбаттасушыларды Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев жүргізіп отырған реформалар, 2023 жылғы шілдеде қабылданған мемлекетке заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы Заң, Бас прокуратураның жанындағы тиісті комитеттің құрылуы және қайтарылған капиталды маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттайтын арнайы қордың жұмысымен таныстырды. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын арттыруға және әділдікті қалпына келтіруге ықпал ететіні атап өтілді. Сондай-ақ, ол 2022 жылдан бері Қазақстанға 3,5 млрд. доллардан астам қаржы қайтарылғанын атап өтті.

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Б.Асылов шетелдік инвестицияларды тартудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстан Бас прокуратурасы швейцариялық инвесторларды қоса алғанда, шетелдік инвесторлардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ететінін айтты. Бұл өз кезегінде екі ел арасындағы экономикалық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді.

Бас Прокурор Блаттлер мен Әділет офисі директорының орынбасары Фонтана Юнго Қазақстанға заңсыз шығарылған активтерді қайтару және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерінде қолдау көрсетуге дайын екендіктерін растады. Швейцарияның әділет офисінің өкілдері Қазақстанның қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету жөніндегі Еуропалық конвенцияға қосылу ниетін қолдады.

Сапар қорытындысы бойынша қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы үкіметаралық өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Үкіметінің атынан Бас Прокурор, Швейцария Үкіметінің атынан Федералдық әділет офисі директорының орынбасары қол қойды.

Меморандум елдердің қылмыстық істер бойынша ақпарат алмасу, соның ішінде заңсыз шығарылған активтерді қайтару рәсімдерін жеңілдетуге деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл қаржылық қылмыстарға қарсы күрестегі бірлескен күш-жігерді нығайтып, серіктестік қатынастарды арттырады.