Берн, 2024 жылғы 3 қыркүйек – Швейцариядағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен Н.Назарбаев атындағы Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі орталығы мен Берн қаласының Діндер үйі арасында кездесу өтті. Тараптар Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XXII отырысы мен жас дін лидерлері Форумының алдында онлайн форматта кездесті.
Швейцариядағы Қазақстан Елшісі Қайрат Саржанов Қазақстанның жалпыадамзаттық құндылықтарды, мәдениетаралық диалогты және толерантты өзара түсіністікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылғандай, елдің халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселелерін шешуге мүдделі екенін жеткізді.
Әңгімелесушілер ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу перспективаларын талқылады. Сондай-ақ, бұл кездесу екі институт арасындағы толеранттылық, конфессиялық және діни әралуандылықты құрметтеу қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған өнімді серіктестік орнату жолындағы маңызды қадам болғанын атап өтті.