Берн қаласында Республика күніне орай салтанатты қабылдау өтті

Берн қаласында Республика күніне орай салтанатты қабылдау өтті

Берн, 2023 жылғы 26 қазан - Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі Берн қаласының мәдени қазынасы «Bellevue Palace» қонак үйінде Республика күніне орай салтанатты қабылдау өткізді.

Іс-шараға Швейцария СІМ басшылығы, мемлекеттік органдары, іскерлік және академиялық топтары, сараптамалық және мәдени қоғамдастықтары, дипломатиялық корпус және халықаралық ұйымдардың өкілдері, БАҚ, сондай-ақ Конфедерацияның көптеген кантондарында тұратын қазақ диаспорасы мен отандастар қатысты.

Елші Қайрат Саржанов өзінің сөзінде еліміздің басты мерекесінің тарихи маңыздылығын, ағымдағы құрылымдық өзгерістердің, оның ішінде Президент Қ.К.Тоқаевтың қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бастамаларының маңыздылығын атап өтті. Ол саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Швейцария ынтымақтастығының қарқынды дамуын атап өтті. Швейцария Сыртқы істер Федералдық департаментінің басшысы И.Кассистің осы жылы Қазақстанға ресми сапары және оның мемлекет басшылығымен кездесулері саяси диалогтың жоғары деңгейі мен экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделілігін растады. Швейцария Конфедерациясы 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2,8 млрд. доллар инвестициялар және 1,5 млрд. доллар тауар айналымы көрсеткіштерімен Қазақстан үшін үшінші ірі шетелдік инвестор болып қала отырып, Қазақстанның экономикалық дамуына үлес қосуды жалғастыруда. KazAID және SDC дамытуға ресми көмек көрсету жөніндегі ұлттық агенттіктер арасында байланыс орнату бірлескен жобаларды, оның ішінде Орталық Азиядағы трансшекаралық су ресурстарын басқару саласында, іске асыру үшін негіз қалауда.

Түркі мәдениеті мен мұрасы халықаралық қорының президенті Гюнай Эфендиева қабылдауға қосымша ұйымдастырылған петроглифтер, таңбалар және көне түркі жазбалары көрмесінің ашылуына қатысып, Қордың түркі халықтарының ғасырлар бойғы тарихы мен бай мәдениетін насихаттау жөніндегі қызметі мен мақсаттары туралы айтып берді. Қонақтарға түркі елдерінің танымал шеберлері мен сарапшыларының түрлі өнер нысандары мен жұмыстары ұсынылды.

Іс-шара «Гәкку» және «Қарлығаш» сияқты танымал ұлттық шығармаларды ұсынған қазақ орындаушыларының Фортепиано триосының музыкалық бағдарламасымен сүйемелденді.