
Берн, 2023 жылғы 19 қазан - Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қайрат Саржанов Қазақстан және Швейцария арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында Швейцарияның экономикалық мәселелер жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Элен Будлигермен кездесті.
Сұхбат барысында Қазақстан Елшісі Президент Қ.К. Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарымен таныстырып, геологиялық барлау және игеру, машина жасау, көлік-логистика, цифрландыру және т. б. салалардағы жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ескере отырып, Швейцарияның Экономикалық мәселелер жөніндегі агенттігін Қазақстанда швейцариялық компаниялардың қатысуын кеңейтуге жәрдемдесуге шақырды. Сондай-ақ, ол қазақстандық экспорттың тауар номенклатурасын кеңейту жөнінде Қазаұстан тарапының ниетін білдірді.
Өз кезегінде Швейцарияның Мемлекеттік хатшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерді оң бағалап, ынтымақтастық шеңберін кеңейтуді, бизнес өкілдері арасындағы тікелей байланыстарға жәрдемдесуді және жаңа мүмкіндіктер іздеуді қоса алғанда, кең ауқымды мәселелер бойынша белсенді өзара іс-қимылға дайын екендігін білдірді.
Кездесу барысында Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Швейцария Үкіметаралық комиссиясының және Іскерлік кеңестің келесі отырыстарын өткізу мәселелері қаралды.