Қазақстан Швейцарияны көлік инфрақұрылымына инвестициялауға шақыруда

Қазақстан Швейцарияны көлік инфрақұрылымына инвестициялауға шақыруда

Цюрих, 2023 жылғы 12 қазан - Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қайрат Саржанов «Joint Chambers of Commerce» Швейцарияның бірлескен сауда палатасы және «Greater Caspian region Association» үкіметтік емес ұйымы «Switzerland Global Enterprise» Швейцариялық экспортты ілгерілету агенттігінің қолдауымен ұйымдастырған «The Greater Caspian Region – a Corridor for Energy, Logistics and Trade Flows between Asia and Europe» халықаралық форумына қатысты. Форум жұмысына іскерлік топтар, көлік-логистика саласындағы көрнекті сарапшылар, саясаткерлер мен заңгерлер, Халықаралық экспедиторлық қауымдастықтар федерациясының және Еуропа мен Орталық Азияның көлік және сауда қауымдастығының басшылығы, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдері қатысты.

Қатысушылар Еуропа мен Азияны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының артықшылықтарына назар аударып, аймақтың дәстүрлі және жаңартылатын энергия және мультимодальды логистикалық байланыстардың көзі ретінде маңыздылығын атап өтті. Санкциялық текетірес жағдайында азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Орта дәліздің өсіп келе жатқан маңыздылығына назар аударылды.

Қ.Саржанов ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген көлік-логистика саласының елдің экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңыздылығы және транзиттік әлеуетті нығайтудағы Транскаспий бағытының басты рөлін атап өтті. Елші швейцариялық бизнесті Транскаспий халықаралық көлік бағытының тиімділігін арттыру және Қытай мен Еуропадан келетін сауда ағындарын ұлғайту мақсатында Ақтау және Құрық теңіз порттарына, сондай-ақ Қорғас құрғақ портына инвестиция салуға шақырды.