Берн қаласында «Ядролық сынақтардың мұрасын еңсеру: алынған сабақтар және болашақ перспективалары» атты сарапшылық пікірталас өтті

Берн қаласында «Ядролық сынақтардың мұрасын еңсеру: алынған сабақтар және болашақ перспективалары» атты сарапшылық пікірталас өтті

Берн, 2023 жылғы 24 тамыз – Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі «Swisspeace» атты швейцарлық ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп 29 тамызда тойланатын Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған «Ядролық сынақтардың мұрасын еңсеру: алынған сабақтар және болашақ перспективалар» атты сарапшылық талқылауын ұйымдастырды. Пікірталастарға Швейцарияның сыртқы істер, экономика және энергетика ведомстволарының өкілдері, ЖҚҚ таратпау, ядролық қарусыздану, сыртқы саясат саласындағы көрнекті сарапшылар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, дипломаттар мен БАҚ қатысты.

Іс-шарада ҚР Швейцариядағы Елшісі Қ.Саржанов, ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының директоры Б. Нұрғалиев, «Swisspeace» институтының директоры Л.Гётшель, Швейцария СІМ Қару-жарақты бақылау және қарусыздану бөлімі Бастығының орынбасары Р.Волленман, Швейцария сыртқы саясат қауымдастығының (SGA) Вице-президенті Р.Видер, Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің сарапшысы Е.Георгу, «Basel Peace Office» ұйымы Директорының орынбасары М.Нұржан баяндама жасады.

Қазақстандық спикерлер Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарын айта отырып, қазақстандық антиядролық қозғалыстың тарихи аспектілерімен, Қазақстанның осы саладағы сыртқы саяси басымдықтарымен, атап айтқанда біздің еліміздің ЯҚТШ-ға төрағалығы туралы, сондай-ақ ядролық қарусыз әлемді ілгерілету жоспарларымен таныстырды. Ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Елші Қ.Саржанов ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, зардап шеккен аумақты оңалтудың маңыздылығына назар аудара отырып, Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы Заңның күшіне енгенін хабарлады.

Швейцариялық сарапшылық топтардың өкілдері өз сөзінде Қазақстанның ядролық қарусыздануға елеулі үлесін, ЖҚҚ-ның алдын алу бойынша жаһандық іс-қимылдағы елдің көшбасшылығын атап өтті. Атап айтқанда, Швейцария СІМ Қару-жарақты бақылау және қарусыздану департаменті Басшысының орынбасары Р.Волленман Қазақстанның ядролық қаруға қарсы бастамаларын жоғары бағалап, Семей полигонының гуманитарлық трагедиясының ауқымдылығын атап өтті. Сондай-ақ ол Швейцарияның ядролық қауіп-қатерлердің өсу қаупіне алаңдаушылығын білдіріп, халықаралық қауіпсіздік мәселелерін шешуге ұжымдық көзқарас қажеттігін атап өтті.

Swisspeace директоры Л.Гётшель  азаматтық  бітімгершілікті жоспарлау және қазіргі әлемдік саясаттағы ядролық тежеуі туралы өз пікірін білдірді.

Талқылау аясында қатысушылар осы бағыттағы жаһандық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беретін мектеп пен жоғары оқу орындарының бағдарламасына таратпау саласындағы білім беруді енгізу туралы ойларын білдірді.

Баяндамашылар Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні ядролық қарудан азат әлемді ілгерілетуге ықпал ететінін атап өтті. Сонымен бірге, ядролық қаруды сынауды тоқтатудың негізгі құралы 1996 жылы қыркүйекте қабылданған, бірақ әлі күшіне енбеген Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ) болып табылатыны баса айтылды.