
ЖАстана, 2023 жылғы 27 маусым – Қазақстанның астанасында сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Швейцария үкіметаралық комиссиясының 11-ші отырысы өтті.
Комиссияның тең төрағалары, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және Швейцария Федералдық Кеңесінің сауда келісімдері жөніндегі уәкілі Эрвин Боллингер екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Атап айтқанда, тараптар ветеринария және ауыл шаруашылығы техникасын, азаматтық авиацияны субсидиялау, техникалық реттеу және стандарттау, энергетика, ғылым және білім беру, зияткерлік меншікті қорғау, цифрландыру, венчурлік инвестициялар мен стартаптарды қоса алғанда, түрлі салалардағы өзара іс-қимыл мәселелерін қарастырды.
Отырысқа швейцариялық іскер топтар белсенді қатысты, мысалы, инспекциялық қызметтер, сараптама, сынақтар және сертификаттау саласындағы әлемдік көшбасшы «SGS» компаниясы және аз тоннажды химия саласындағы «Clariant» кәсіпорны мұнай-химия саласындағы ынтымақтастық және дизель отынын тиімді өндіру бастамаларын көтерді. Аспалы жолдарды өндіруші «Bartolet» компаниясы Алматының туризм және көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы жобаны ұсынды.
Швейцария Қазақстанның маңызды сауда серіктесі болып табылады. Біздің ел Швейцарияға энергия тасымалдаушылар мен металдарды экспорттайды, ал Швейцария химиялық-фармацевтикалық өнімдер мен түрлі техникалық жабдықтарды жеткізеді. Сондай-ақ, Швейцария, ең алдымен, тау-кен металлургия, ауыл шаруашылығы, химия-фармацевтика салаларында, сондай-ақ машина жасау және темекі өнеркәсібі салаларында Қазақстанның үшінші ірі шетелдік инвесторы болып табылады.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар екіжақты өзара іс-қимылды оңтайландыру, ашық мәселелерді одан әрі пысықтау және жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға келісті.
Анықтама: 2022 ж. қорытындысы бойынша Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 1,4 млрд.долларды, Швейцарияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестицияларының жалпы көлемі 32,6 млрд. долларды құрады.