
2023 ж. 8 маусым, Астана қ. – Елордада Астана халықаралық форумы өз жұмысын бастады. Форумның басты тақырыбы: «Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, даму және прогресс жолында».
Форум Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтуде. Форум барысында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үздік сарапшылар қазіргі кездегі жаһандық мәселелердің шешімін табу мақсатында бас қосты.
Іс-шараға 1000-нан астам шетелдік қонақтар - мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, халықаралық ұйымдар мен компаниялардың басшылары, саяси қайраткерлер, сараптамалық іскер және академиялық топтардың өкілдері, сондай-ақ ірі әлемдік БАҚ қатысуға келді.
ХВҚ, ДСҰ, АДБ, ЕҚДБ, ЕҚЫҰ, ЮНЕСКО, ШЫҰ, ЕҚЫҰ ПА басшылары, ЭЫДҰ және АҚШ сауда миссиясының өкілдері, сондай-ақ шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелері бар 300-ден аса шет ел делегаттары екі күн ішінде мемлекетаралық ынтымақтастық және жаңа жаһандық әріптестікті қалыптастыру модельдерін қарастырады.
Панельдік сессиялар спикерлерінің арасында Швейцария экономикасы мәселелері бойынша Мемлекеттік хатшылығы Сыртқы экономикалық дирекциясының басшысы Иво Германн. Бұған қоса, іс-шараға Швейцарияның ірі бизнесін өкілі «Glencore International» компаниясының Жаһандық мыс-мырыш департаментінің басшысы Н.Попович қатысады.
Сонымен қатар, іс-шара жұмысына «Herculis Partners», «GWF», «Inoks Capital», «SICPA», «Roche», «SGS» және «Ammann Group» сияқты швейцариялық компаниялардың өкілдері қатысады.
Екі күнге созылатын форум барысында қатысушылар 4 негізгі бағыт бойынша мәселелерді шешудің жаңа жолдарын қарастырады.
Олар:
- Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік;
- Халықаралық даму және тұрақтылық;
- Энергетика және климаттың өзгеруі;
- Экономика және қаржы.
Форум аясында аталған бағыттар бойынша 40-тан астам панельдік сессиялар, бейресми пікірталастар және басқа да бағдарламадан тыс іс-шаралар өткізіледі.