Базель мемлекеттік басқару институтымен ынтымақтастық орнату туралы

Базель мемлекеттік басқару институтымен ынтымақтастық орнату туралы

2023 жылғы 5 сәуір – Швейцарияның Базель қаласында Бас прокурордың орынбасары Ұлан Байжанов бастаған ҚР Бас прокуратурасының делегациясы Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің жәрдемдесуімен Базель мемлекеттік басқару институтының басшылығымен келіссөздер жүргізді. Оның құрамына бүкіл әлемдегі заңсыз қаржы ағындарын талдау жөніндегі ірі ғылыми-зерттеу институттарының бірі - Активтерді қайтару жөніндегі халықаралық орталығы (ICAR) кіреді.

Халықаралық құрылымның өкілдері ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық табысты әртараптандыруға, монополиясыздандыруға және әділ бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен, сондай-ақ заңсыз активтерді қайтару жөніндегі белгіленген жоспарлармен танысты.

Басқарушы директор Грета Фенер Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістердің маңыздылығын атап өтіп, институттың активтерді қайтару мәселелерін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша ұсынымдар беруге, Халықаралық тергеулер жүргізуге және активтерді шетелден қайтаруға байланысты қылмыстық істер бойынша сұрау салулар дайындауға консультациялық көмек көрсетуге, сондай-ақ қаржылық тергеулер бойынша оқыту тренингтерін ұйымдастыруға дайын екенін білдірді.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастық туралы тиісті келісімге қол қойды.