
2022 жылғы 22 қараша, Берн қ. – Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Саржанов Швейцария Конфедерациясының Федералдық Президенті, Федералдық сыртқы істер департаментінің Басшысы Иньяцио Кассиске сенім грамоталарды тапсырды.
Өткен рәсім барысында қазақстандық Елші Иньяцио Кассиске Қазақстандағы кезектен тыс Президенттік сайлаудың қорытындылары мен елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы ақпарат берді.
Өз кезегінде Швейцария Конфедерациясының Президенті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа президенттік сайлауды өткізудің жоғары ұйымдастырушылық деңгейін атап өтіп, жеңісіне орай оған құттықтау сөздерін жолдады.
Сұхбат аясында халықаралық күн тәртібінің бірқатар мәселелер мен екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті бойынша пікір алмасу өтті. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдық тарихында тұрақты саяси диалог құрылып, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимыл саласында елеулі көрсеткіштерге қол жеткізілгені атап өтілді.
Қазақстан мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылы 1 маусымда орнатылды.