
Елшілік Швейцарияның Цюрих, Люцерн, Во және Вале кантондарында оқитын қазақстандық студенттер, тұрақты негізде тұратын Қазақстан азаматтары және қазақ диаспорасының өкілдерімен дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара барысында Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Әлібек Бақаев басқосуға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Қазақстан халқына жолдауларының іске асырылуы барысы, қазақ-швейцар ынтымақтастығы жағдайы мен даму перспективалары, еліміздің шетелдегі қазақстандықтардың және қандастарымыздың мүдделері мен құқықтарын қорғау бойынша жүзеге асырылудағы іс-қимылдар, соның ішінде «Отандастар» Қорының қызметі туралы баяндады.
Кездесуде орын алған пікір алмасу барысында Елшілік пен диаспораның келешектегі бірлескен мәдени және спорттық іс-шаралар кестесі талқыланды.