ҚР Президенті дипломатиялық қызметтің ардагерлері мен қызметкерлерін ҚР дипломатиялық қызметінің 30 жылдығымен құттықтады

ҚР Президенті дипломатиялық қызметтің ардагерлері мен қызметкерлерін ҚР дипломатиялық қызметінің 30 жылдығымен құттықтады

Нұр-Сұлтан, 2022 жылы 1 шілде – Бүгін «Қазақстан Республикасы халықаралық қатынастардың заманауи жүйесінде» атты халықаралық конференция өтті.

«Құрметті Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагерлері мен қызметкерлері! Сіздерді еліміздің дипломатиялық қызметінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Біз осынау тарихи межеге үлкен жетістіктермен жеттік», - конференция жұмысын ашқан ҚР Сыртқы істер министрі М.Тілеуберді Президенттің сөзін оқып берді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның 186 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанын, 50-ден астам халықаралық ұйымға мүше болғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Президент еліміздің дипломатиялық қызметінің отыз жылдық мерейтойы халқымыз Жаңа Қазақстан құруға кіріскен сындарлы сәтпен тұспа-тұс келгенін баса атап өтеді.

«Осыған орай Сыртқы істер министрлігіне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Дипломаттардың басты міндеті - мемлекетіміздің әлемдегі мәртебесін одан ары арттыру, сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау», - деді ҚР Президенті.