Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ватиканға ресми сапарымен келді

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ватиканға ресми сапарымен келді

Ватикан, 2022 жылғы 30-31 мамыр – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Ватиканға ресми сапары өтті.

Рим Папасы Францисктің жеке қабылдауы барысында, понтифик Қазақстан Ватиканның Орталық Азиядағы сенімді серіктесі екенін атап өтті. Рим-Католик шіркеуінің басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құруға бағытталған реформаларына жоғары баға берді.

Кездесу барысында Рим Папасының ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қазақстанға апостолдық сапармен келуі, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің жұмысына қатысу туралы шешімі ерекше атап өтілді. Министр Рим Папасы Францискті Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азияның католиктері тағатсыздана күтетінін хабарлады.

Сонымен қатар, М.Тілеуберді Қасиетті Тақтың Мемлекеттік хатшысы (Премьер-Министрі) кардинал Пьетро Паролинмен әлемдегі өзекті халықаралық жағдайды, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың мәселелерін талқылады. Сұхбаттасушы Мемлекет басшысының әлеуметтік-саяси реформаларымен және ел Конституциясына енгізілетін өзгерістерімен егжей-тегжейлі таныстырылды. Қазақстандық сыртқы саяси ведомствосының басшысы осымен қатар елдер арасындағы қолданыстағы шарттық құқықтық базаны одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті.

Сапар барысында Министр Дінаралық диалог бойынша папалық кеңесінің президенті кардинал Мигель Анхель Аюсо Гиксотпен кездесті. Тараптар дінаралық диалог саласындағы екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын, сондай-ақ Ватикан делегациясының алдағы Съезге қатысу мәселелерін талқылады. Конфессияаралық диалогты дамытуға және Съезд идеяларын ілгерілетуге қосқан қомақты үлесі үшін Мемлекет басшысы атынан М.Тілеуберді кардинал Аюсо Гиксотқа ІІ дәрежелі «Достық» орденін табыстады.

Сапардың екінші күні М.Тілеуберді Қасиетті Тақтың Мемлекеттермен қатынастар жөніндегі хатшысы (Сыртқы істер министрі) архиепископ Пол Ричард Галлахермен келіссөздер жүргізді. Екі елдің сыртқы істер министрлері екіжақты күн тәртібін, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай бірлескен коммюнике қабылданып, «University Medical Center» корпоративтік қоры мен «Bambino Gesu» педиатриялық ауруханасы арасында, сондай-ақ ҚР БҒМ жанындағы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватикан Апостолдық мұрағаты мен Ватикан Апостолдық кітапханасы арасында денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет саласындағы бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Сапар соңында ресми қабылдау өткізіліп, Қазақстан мен Ватикан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Көрмеде екіжақты ынтымақтастықтың тарихи оқиғалары, сондай-ақ алдыңғы алты Съезд отырыстарының жарқын сәттері мен бірегей кадрлары көрсетілді.