
БЕРН, 2022 жылғы 14 наурыз – Жақсы дәстүрге сүйене отырып, Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі Қазақстан мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуына орай мерейтойлық пошта марканы шығару туралы бастамашылық жасады.
Швейцария – Еуропада Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі.
Атап айтқанда, 1992 жылғы 1 маусымда Қазақстанның Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов Қазақстан Үкіметі атынан Швейцарияның Ресейдегі Елшісіне (ол кездегі географиялық жағынан Қазақстанмен ынтымақтастық үшін жауапты болған) жолдаған вербалдық нотасында Қазақстан мен Швейцария арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанын растады.
2021 жылғы 29 қарашада Женевада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Швейцарияның Федералдық Президенті Гай Пармелан елдеріміз арасындағы саяси және экономикалық байланыстардың белсенді динамикасын қанағаттанушылықпен атап өтіп, екіжақты байланыстардың барлық спектрі бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылысты растады.
Швейцария Қазақстанның Еуропадағы сенімді саяси серіктесі болып табылады, еліміздің ең ірі сауда серіктестерінің ондығына кіреді және егемен Қазақстан экономикасының үшінші ірі инвесторы болып табылады.
Пошта маркасын Елшіліктің күнделікті хат-хабарларында, сондай-ақ кәдесый ретінде пайдаланылады.