
Берн, 2021 жылғы 27 қыркүйек – Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі Бернде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде қазақ диаспорасының, студенттердің және «Birlik» Қазақстан-Швейцария қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен қазақ мемлекеттігінің қалыптасу тарихындағы «Алаш Орданың» рөлі мен мұрасына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шара барысында Елші Әлібек Бақаев кездесуге қатысушыларға өткен ғасырдың 1920-шы жылдарының басындағы қазақтың ғылыми және шағырмашылық интеллигенциясының өкілдері – Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, Мұхамеджан Тынышбаевтың, Ахмет Байтұрсынұлының, Мұстафа Шоқайдың және басқалардың қазақтардың ұлттық дүниетанымын оятудағы, олардың шынай патриотизмін және халықтың және оның болашағының алдындағы жоғары жауапкершілігін қалыптастырудағы рөлі туралы әңгімеледі.
«Француз революциясының либералдың көзқарастарын да бойына сіңірген «Алаш» интеллигенциясының негізгі мақсаттары мемлекеттік өзін өзі басқару жүйесін құру, халықтың мемлекет тағдырын өзі шешуін қамтамасыз етуге деген құқығын қорғау және әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып қазақ қоғамын жаңғырту болды», – деп түйіндеді өз сөзін Ә. Бақаев.
«Birlik» Қазақстан-Швейцария қауымдастығының төрағасы Руслан Тоқболат алашордашылардың ерекше көрініс табатын мынадай қасиеттерін атап өтті: Отан алдындағы жауапкершілік, прогрессивтік көзқарастар және халықтың биік мүддесі жолында өзін-өзі құрбан ету. Ол нақ осыдан Швейцариядағы «Birlik» қауымдастығының қызметіндегі мақсаттар сабақтастығын көретінін айтты.
Талқылау барысында іс-шараға қатысушылар «Алаш Орданың» егемендік, ұлттық әлем, зайырлы, демократиялық мемлекет туралы, дінді мемлекеттен бөлу туралы тәжірибесінің және басқа да демократиялық идеяларының заманауи Қазақстанның дамуында айрықша маңызды мәні бар деген пікірге келді.
Кеңестік режим құлағаннан кейін тарихшы ғалымдар аса бай материалдарды зерттеу, шашыраңқы мәліметтерді жүйелеу және соның негізінде «Алаш» интеллигенциясының қызметін жан-жақты талдау мүмкіндігіне ие болды. Осындай зерттеулердің нәтижелерінің бірі «Қазақстан» ТРК тудырған жаңа «Тар заман» көркем фильмі болды, ол осы іс-шараның барысында көрсетілді. Қазақ диаспорасы бұл фильмді жоғары қызығушылықпен, терең және бүкпесіз толғаныспен қабылдады. Көрермендердің көпшілігі оның сюжеттік желісінен сол кезеңдегі Қазақстан тарихын ғана емес, сонымен бірге репрессияға және ұжымдастыруға, аштыққа және қуғын-сүргінге ұшыраған өз отбасыларының да тарихын көрді және өз естеліктерімен бөлісті.
Кездесу Швейцариядағы Қазақстан диаспорасының арасында тарихи тақырыпқа деген елеулі сұраныстың бар екенін, олар өз Отанынан қашықта бола отырып, туған жерінің тарихы мен мәдениетін ерекше сағынышпен бағалайтынын көрсетті.