Бернде Қазақстан-Швейцария саяси консультациялар өтті

Бернде Қазақстан-Швейцария саяси консультациялар өтті

Берн, 2021 жылғы 17 мамыр – Бүгін Швейцария астанасы Берн қаласында Еуропа департаментінің директоры Тимур Сұлтанғожин бастаған ҚР СІМ делегациясының қатысуымен бесінші Қазақстан-Швейцария саяси консультациялары өтті. Швейцария тарапынан келіссөздерге Швейцария Мемлекеттік хатшысының орынбасары, Швейцария Сыртқы істер федералдық департаменті (СІМ) Еуропа, Орталық Азия, Еуропа Кеңесі және ЕҚЫҰ бөлімінің басшысы, Елші Анна Ифковиц, сондай-ақ Швейцария СІМ бірқатар құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Швейцария тарапы Қазақстан Швейцарияның Орталық Азиядағы ең маңызды серіктесі екенін атап өтті. Делегация басшысы А.Ифковиц «тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев бастаған саяси және экономикалық реформалар пакетінің жүзеге асырылуын жоғары бағалады. Сонымен қатар, басында коронавирус және оның салдарымен күресу бойынша іс-шаралар туралы пікір алмасу өткізілді. 

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға өзара қызығушылықтың артуына байланысты Қазақстан мен Швейцария басшылығы арасындағы байланыстардың жандана түскендігін атап өтті. Швейцария тарапы Қазақстан Республикасы Үкіметінің инвестициялық климатты жақсарту бойынша қабылдап отырған шаралары туралы презентацияны қызығушылықпен қабылдады. Сондай-ақ 40-қа жуық швейцариялық компаниялардың Қазақстандағы қызметі жағымды түрде атап өтілді.

Үкіметаралық, парламентаралық және іскерлік байланыстарды дамытуға жан-жақты қолғабыс ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Коронавирустық эпидемияға себепті өзара сауданың төмендеуіне қатысты тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Швейцария үкіметаралық комиссиясының жұмысын жандандыру арқылы сауда ынтымақтастығын нығайтуға өз міндеттемелерін растады. Сонымен қатар, іскерлік топтар мен екі елдің азаматтары арасындағы байланыстарды нығайту мақсатында тікелей авиа рейстерді ашу мүмкіндігі талқыланды.

Қазақстандық және швейцарлық дипломаттар экономикалық мәселелер мен іскерлік сапарларды жеңілдету бойынша екіжақты заңнамалық базаны кеңейту жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды қарастырды.

Халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу кезінде делегациялар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдардағы өзара әрекеттесуді талқылады. Аймақтық күн тәртібіне, оның ішінде Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару, Ауғанстанды тұрақтандыру, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ОАӨАҮО) қызметі шеңберінде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Дамуға ресми көмек жөніндегі, атап айтқанда, «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігі мен Швейцарияның «Deza» Даму мен ынтымақтастық жөніндегі агенттігі арасында бірлескен жұмыс жүргізу жолдары жан-жақты талқыланды.

Келіссөздер қорытындылары бойынша делегациялар басшылары екі ел үкіметтері мен іскер топтары арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, саяси консультацияларды тұрақты түрде өткізуге келісті.