Елші Ә. Бақаев әйгілі швейцар саяхатшысы А. Мозердің қазақ мәдениетіне қатысты мұралары бойынша кездесулер өткізді

Елші Ә. Бақаев әйгілі швейцар саяхатшысы А. Мозердің қазақ мәдениетіне қатысты мұралары бойынша кездесулер өткізді

Берн қ., 2021 жылғы  23-24 наурыз, - Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Елшісі Әлібек Бақаев Берн тарихи музейінің директоры Томас Паули-Габимен және Шарлоттенфельстегі Мозер әулеті музейінің өкілдерімен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Елші белгілі швейцар саяхатшысы, дипломат Анри Мозердің ХІХ ғасырда Орталық Азияға жасаған саяхаттары кезінде топтаған коллекциясынан ХІХ ғасырдағы қазақ мәдениетіне тиесілі сирек кездесетін фотолар, бұйымдар мен қару-жарақтар түріндегі теңдесіз мұралармен танысты.

«Анри Мозердің Орталық Азияға сапары Қазақстан мен Швейцария халықтары арасындағы қарым-қатынастың ХІХ ғасырдан бастау алатынын көрсетіп отыр. Бұған дейін «Мәдени мұра» жобасы аясында тарих ғылымдарының докторы Меруерт Қуатқызы Әбусейітова бастаған белгілі қазақстандық тарихшылар археологиялық экспедициямен Берн тарихи музейінде болып, төл тарихымызға қатысты құнды деректермен жұмыс жүргізгені белгілі. Дегенмен, мамандар А. Мозер коллекциясы арасында ХІХ ғасырдағы қазақтардың қоғамдық-саяси құрылысы, мәдениеті мен болмысы туралы әлі де жіті зерттеу мен зерделеуді талап ететін раритеттердің барын алға тартып отыр», - деді Қазақстан Елшісі Ә. Бақаев. 

Аталған мұралардан бөлек А. Мозердің Орталық Азияны суармалау үшін кешенді тұжырымдама жасағандығы және ол құжатты кейіннен Кеңес Өкіметі негізге алғаны белгілі болды.

Анри Мозердің Берн тарихи музейіндегі коллекциясы жеке коллекциялар арасында қазіргі күнге дейін әлемдегі ең маңызды шығыс коллекцияларының бірі саналады.

Тараптар Анри Мозердің Қазақстандық және Ортаазиялық коллекциясының мұрағаттары мен артефактілерін зерттеу бойынша ынтымақтастықты әрі қарай жалғастыру туралы уағдаласты.