
Берн, Женева, 2021 жылдың 16-17 наурызы, - Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимованың Швейцарияға сапары өтті.
Сапар барысында Э. Азимова Швейцарияның Сыртқы істер федералдық департаментінде (СІМ) келіссөздер жүргізіп, Берндегі Федералдық парламент депутаттарымен дөңгелек үстелдерге қатысып, Женевадағы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі институттарының басшылығымен кездесті.
Э. Азимова Швейцарияның сыртқы саяси ведомствосында сөйлеген сөзінде Президент Қ. Тоқаевтың адам құқықтары және Қазақстандағы демократияны нығайту саласындағы жүйелі саяси реформалары, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, Қазақстанда «Бейбіт жиналыстар туралы» және «Парламенттік оппозиция туралы» заңдарының қабылдануы, саяси партияларды тіркеу шегін төмендету, сондай-ақ партиялық тізімге әйелдер мен жастарға арналған 30% квота енгізілуі одан әрі демократиялық қайта құруға бағытталған ел басшылығының саяси ерік-жігерін растайтынын атап өтті. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың өзара әрекеттесу үдерісінде Мемлекет басшысы құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алатын рөлі туралы ерекше айталып өтілді.
Сондай-ақ, тараптар 2019 жылы швейцарлық тараптың қаржылық қолдауымен басталған «Азаптауға қарсы бірлескен техникалық жобаны» іске асырудың қазіргі жағдайы мен кейінгі қадамдарын қарастырды. Бұл жоба елдеріміз арасындағы сындарлы диалог пен жоғары саяси сенімділіктің арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, азаматтық бақылау институттарын жетілдіру саласындағы жаңа жобаларды іске асыру мүмкіндіктері де талқыланды.
Өз кезегінде, Швейцария Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшылығының адам құқығы жөніндегі дипломатиялық қызметінің басшысы Дженни Пьаже Қазақстанды Өлім жазасын жою туралы екінші факультативті хаттамаға қосылуымен құттықтап, «Азаптауға қарсы техникалық жобаның» бірінші кезеңінің бірлесіп жүзеге асырылғандығын қанағаттанушылықпен атап өтті де, оны іс жүзінде жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Депутаттардың қатысуымен өткен дөңгелек үстел аясында Қазақстан-Швейцария парламентаралық достық тобының тең төрағасы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы Швейцария делегациясының басшысы Йозеф Диттли Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сапарын қарсы алып, оған жоғары баға берді. Өз кезегінде, Э.Азимова қатысушыларды Қазақстандағы адам құқықтары саласындағы реформалар мен жаңашылдықтармен таныстырды және осындай кездесулердің тиімділігі мен қажеттілігіне, сондай-ақ адам құқықтары мен демократия бойынша парламентаралық диалогтың сұранысына назар аударды.
Швейцария Парламентінің депутаты Николаус Гуггер ЕКПА адам құқығы саласындағы диалогты құрудағы маңызды халықаралық парламенттік институттардың бірі екенін атап өтіп, Қазақстан үшін «осы залға есік ашу керек» деген пікірін білдірді.
Женевада Э.Азимова Әмбебап мерзімді шолу бөлімінің басшысы Джанни Магазени бастаған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілдерімен және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия бойынша Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Тараптар Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын күшейту үшін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының көмегімен техникалық жобалар мен әлеуетті арттыру жобаларын іске асыру мүмкіндігін талқылады.
Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кездесулері мен келіссөздерінің тақырыптамасы швейцарлық тараптың біздің еліміздегі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы саяси реформалары мен жаңашылдықтарына деген үлкен қызығушылығын тудырды.