
Берлин, 2025 жылғы 15 наурыз – Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі Берлин қаласының Штеглиц-Целендорф ауданы әкімдігінің қолдауымен «Cultur Kooperation International» ұйымы ұйымдастырған Наурыз мерекесін тойлау шарасына қатысты.
Наурызды бірлесіп атап өту бастамасын жеті бірдей елшіліктер – Қазақстан, Ауғанстан, Иран, Ирак, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан қолдады.
Мерекелік іс-шараның ашылуында Германия Сыртқы істер министрлігінің өкілі Йенс Вагнер және «Cultur Kooperation International» ұйымының басшысы Каталина Гёбель пен елшіліктер басшылары құттықтау лебіздерін білдірді.
Қазақстаның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өзінің құттықтау сөзінде Наурыздың қазақ халқының салт-дәстүрін көрсететін мейрам ретіндегі маңыздылығына тоқталып, Қазақстанда «Наурызнама» онкүндігінің тойлануы туралы айтты. Сондай-ақ Қазақстанда өзара түсіністік пен келісімде өмір сүріп жатқан 100-ден астам этнос өкілдері үшін Наурыз мейрамы ортақ құндылықтарды ұлықтаудың жарқын көрінісі екеніне назар аударды.
Іс-шараның шырайын ашқан «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің қойылымы Қазақстанның Германиядағы Елшілігі, Атырау облысының әкімдігі және Дина Нұрпейісова атындағы Қазақ халық аспаптар академиялық оркестрімен бірлесе ұйымдастырылды.
Неміс жұртшылығы тамашалаған концертте дәстүрлі қазақ аспаптарында шеберлікпен орындалған әуендер мен қайталанбас халық туындылары көпшілікке айрықша әсер сыйлады. Қазақ өнерпаздарының орындаушылық өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, концерт соңында қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты.
Елшілік тарапынан қазақтың көшпелі мұрасын бейнелейтін, толық жабдықталған дәстүрлі киіз үй инсталляциясы орнатылды. Сонымен қатар, қонақтар еліміздің қонақжайлық рухын айшықтайтын ұлттық кәдесыйларға және қазақ тағамдарының алуан түріне, соның ішінде дәстүрлі тәттілерге ерекше қызығушылық танытты. Бұл кеңістік жай ғана көрме емес, қазақ мәдениетіне есік ашқан шынайы шақыруға айналды.
Қазақстандық дипломаттар қонақтарға ел тарихы, қазақ халқының мәдени салт-дәстүрлері және Наурыз мерекесінің Қазақстанда қалай тойланатыны жөнінде жан-жақты мағлұмат ұсынды. Әңгіме барысында кейбір қатысушылар келесі жылы дәстүрлі Наурыздың жай-күйін өз көздерімен көру мақсатында Қазақстанға баруды жоспарлап жүргендерін айтты.